BAE Systems әуе тасымалдаушының 6,86% акциясына иелік етеді және бүкіл пакетті нарықтық бағадан шамамен 15% жеңілдікпен сатуды жоспарлап отыр: шамамен бір депозитарлық қолхат үшін $5,1 деңгейінде, деп хабарлайды Aristocrat.biz.. Бұл ретте, 18 наурыздағы сауда қорытындысы бойынша, Air Astana акциялары тарихи минимум деңгейіне дейін төмендеді (-5,74% немесе 707,6 теңге).
BAE Systems-тің Air Astana капиталынан шығуы отандық әуе тасымалдаушының болашақ көрсеткіштері мен қызметіне қалай әсер ететінін Qazaq Expert Club-тың тең құрылтайшысы, экономист Бауржан Шурманов түсіндірді.
«Бұл 20 жылдан астам уақытқа созылған инвестициялық циклдің логикалық аяқталуы. BAE Systems Air Astana құрылу кезеңінде негізгі серіктес болды және компанияның корпоративтік басқаруы мен халықаралық беделінің қалыптасуында шешуші рөл атқарды. IPO-дан және кейінгі орналастырулардан кейін олардың әрі қарай қатысуы стратегиялық мәнін жоғалтты», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл – бизнестегі проблемалардың белгісі емес, қаржылық инвестордың классикалық exit-і. Алайда шығу формасы маңызды.
«Ірі пакетті жеңілдікпен сату қысқа мерзімді кезеңде акция бағасына қысым жасап, құбылмалылықты арттырады. Қосымша фактор – нарықтағы ұсыныстың өсуі, өйткені бүкіл пакет институционалдық инвесторлар арасында орналастырылады», – деп түсіндіреді Шурманов.
Сонымен қатар, экономистің пікірінше, Air Astana үшін бұл мәміле тікелей операциялық салдарға әкелмейді: компания жаңа капитал тартпайды, басқару құрылымы өзгеріссіз қалады.
«Дегенмен, жанама әсерлер бар. Бір жағынан, – дейді сарапшы, – компания шетелдік якорлық инвестор факторынан айырылады, ол тарихи тұрғыда халықаралық нарық қатысушыларының сенімін күшейтіп келген. Екінші жағынан, еркін айналымдағы акциялар үлесі (free float) артады. Free float-тың өсуі – бұрын өтімділіктің шектеулі болуына байланысты кіре алмаған жаңа институционалдық инвесторлар үшін мүмкіндік. Ұзақ мерзімде бұл акционерлік базаның сапасын жақсартып, компанияны «нарықтық» етуі мүмкін».
Сондай-ақ Шурманов BAE Systems-тің шығуы Air Astana уақытша осал күйде тұрған кезеңге сәйкес келгенін атап өтеді – Таяу Шығыстағы оқиғалар мен Pratt&Whitney қозғалтқыштарына қатысты мәселелер компанияның пайдасы мен операциялық көрсеткіштеріне әсер етуде.
«Нәтижесінде нарық үшін әсер әртүрлі болады: қысқа мерзімде – жеңілдік пен ұсыныстың өсуіне байланысты теріс, орта мерзімде – бейтарап, өйткені бизнес негізі өзгермейді, ал ұзақ мерзімде – біршама оң, егер free float-тың өсуі инвесторлар базасының кеңеюіне және әділ нарықтық бағалауға алып келсе», – деп түйіндеді экономист.