АҚШ санкциясы Қазақстанның саудасына қалай әсер етпек? – Сауда министрінің жауабы
АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге және оның серіктестеріне санкция салу туралы мәлімдемесінен кейін Қазақстанның ұстанымы туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пікір білдірді.
Журналист министрден: АҚШ президенті Дональд Трамп қақтығыс тоқтамаса, Ресей мен оның серіктестеріне санкция енгізетінін айтты. Қазақстан – Ресейдің ірі сауда серіктестерінің бірі. Министрлік санкция қаупін растай ма? – деп сұрады.
Арман Шаққалиев бұл мәселеде Қазақстанның халықаралық талаптарды толық сақтап отырғанын жеткізді.
Біздің халықаралық міндеттемелеріміз бар және бұл бағытта ешқандай ресми ескерту не сұрақ түскен жоқ. АҚШ тарапымен тұрақты диалог орнаған. Біз өзіміздің халықаралық міндеттемелерді сақтай отырып, сауда саясатын жетілдіру бағытында жұмыс істеп келеміз. Егер қандай да бір айналма схемалар анықталса, мәселе туындауы мүмкін еді. Бірақ қазіргі таңда мұндай олқылықтар жоқ, – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың құзыретті органдарымен тұрақты байланыста.
Соңғы бірнеше жылда тәжірибе қалыптасты. Экспортты бақылаудың арқасында күмән тудыратын әрекеттерге жол берілмейді, – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.