Қазақстанның негізгі экспорттық мұнай маркасы – CPC Blend бағасы төмендеуін жалғастырып жатыр. Бүгінгі сауда қорытындысы бойынша, бір баррельдің құны 81,16 долларды құрады. Бұл өткен күнмен салыстырғанда 1,69 долларға немесе 2,04%-ға төмен, деп хабарлайды Aristocrat.biz..
Баға динамикасы көрсеткендей, маусым айының басындағы өсімнен кейін CPC Blend құны күрт арзандап, наурыз айындағы деңгейге қайта жақындады.
Салыстыру үшін, әлемдік эталон саналатын Brent маркалы мұнайдың бағасы 71,9–72,0 доллар аралығында саудалануда. Reuters агенттігінің мәліметінше, 3 шілдеде Brent фьючерстері 71,87 долларды құраса, OilPrice.com сол сәттегі бағаны 72,02 доллар деп көрсетті.
Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының төмендеуіне нарықтағы геосаяси алаңдаушылықтың бәсеңдеуі әсер еткен. Бұған дейін бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы шиеленіс, Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалына төнген қауіп және жеткізілім тапшылығына қатысты күмән себеп болған еді.
Қазір АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісімге қатысты үміттің артуы және Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалының біртіндеп қалпына келуі нарықтағы қысымды азайтты. Reuters мәліметінше, Парсы шығанағындағы негізгі өндірушілер жеткізілім көлемін ұлғайта бастаған. Сонымен қатар, нарықтағы қазіргі ахуал мұнай тапшылығы қаупінің әлсірегенін аңғартады.