«Астана Операда» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы өтті
31 қазан мен 1 қарашада «Астана Опера» театрының сахнасында Алексей Кестнердің музыкасына жазылған «Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясының әлемдік премьерасы өтті. Елорда театрының балет труппасы үшін арнайы жасалған жаңа қойылым көрермендерді 1970 жылдардағы Нью-Йорктің ерекше атмосферасына жетелеп, дыбыссыз кино эстетикасын неоклассикалық хореографиямен ұштастырды, деп хабарлайды Aristocrat.biz. Спектакльдің қоюшы хореографы – Кирилл Радев, либретто авторы – Валерий Копейкин. Дирижер тұғырында – Арман Оразғалиев.
«Чарли мен Ирэн» – махаббат, адамгершілік, адалдық пен шынайы сезімнің құндылығын арқау еткен жарқын әрі әсерлі сахналық туынды. Қойылымның көркемдік тұжырымдамасында дыбыссыз кино дәуіріне тән бейнелеу тәсілдері, нәзік юмор, романтикалық оқиғалар мен заманауи би пластикасы өзара үйлесім тапты. Спектакльдің басты ерекшелігі – оқиғаны дәстүрлі пантомима арқылы емес, ең алдымен би тілімен, қозғалыс ырғағымен және кейіпкерлердің пластикалық бейнелері арқылы жеткізуге ұмтылыс.
Қоюшы хореограф Кирилл Радевтің айтуынша, спектакльдің шығармашылық негізінде кинематография мен балет өнерінің өзара байланысы жатыр.

— Біз Валериймен бірге қойылымның жоспарын талқылай келе, спектакль кинематография заңдылықтары бойынша өрбиді деген шешімге келдік. Дыбыссыз киноның эстетикасы көп жағдайда балет театрымен үндеседі, өйткені екі салада да басты суреттеу құралы қозғалыс болып табылады. Айырмашылығы – кинода монтаж бен әртүрлі ракурстар болса, балетте көрерменнің назарын сахнадағы қозғалыс қарқынымен ұстап тұру қажет. Мен пантомимадан саналы түрде алыстап, қозғалысқа басымдық беремін, өткеннің эстетикасын сол қалпы көшірмей, пантомималық оқиға мен пластиканың жаңа үйлесімін табуға тырысамын. Бұл – авторлық қолтаңбасы бар неоклассика, – деп атап өтті Кирилл Радев.
Спектакльдің атауы әйгілі комик Чарли Чаплинді еске түсіргенімен, қойылым оның өмірбаянына немесе шығармашылығына тікелей арналмаған. Хореографтың түсіндіруінше, мұнда дыбыссыз киноның көркемдік рухы мен сол дәуірге тән юморлық сипат басты орын алады. Ал кейіпкерлердің тағдыры арқылы көрерменге махаббат пен адамдық қасиеттердің маңызы туралы ой ұсынылады.
Оқиға желісі Нью-Йорктегі Орталық саябақты мекендейтін ақкөңіл, өмірге құштар Чарли мен ауқатты отбасынан шыққан Ирэннің кездейсоқ таныстығынан басталады. Әлеуметтік жағдайлары мүлде бөлек екі жастың арасындағы сезім бірте-бірте шынайы махаббатқа ұласады. Алайда Ирэннің ықпалды әкесі олардың қарым-қатынасына үзілді-кесілді қарсы шығады.
Кейіпкерлердің тағдыры күтпеген жерден өзгереді. Чарлидің өмірінде жұмбақ Пошташы пайда болып, оған маңызды хат табыстайды. Хат арқылы жеткен күтпеген мұра кешегі баспанасыз жігітті бір сәтте дәулетті адамға айналдырады. Дегенмен байлыққа қол жеткізу оның алдынан жаңа сынақтар шығарады. Ендігі басты мәселе – Чарлидің өзгерген әлеуметтік жағдайына қарамастан, өзінің ақкөңіл мінезін, адамгершілігін және шынайы сезімін сақтап қала алуы.

Осылайша, романтикалық оқиға сыртқы байлық пен ішкі рухани құндылықтардың арақатынасы туралы тереңірек ой қозғайды. Ал жұмбақ Пошташының бейнесі кездейсоқ оқиғалардың ғана емес, адам өміріндегі үлкен өзгерістер мен тағдырдың тосын бұрылыстарының символына айналады.
Қойылымның музыкалық негізін композитор Алексей Кестнер арнайы осы спектакль үшін жазды. Музыка мен хореографияның біртұтас көркемдік шешімге айналуы шығармашылық топ жұмысының маңызды бағыттарының бірі болды. Композитор мен хореограф арасындағы тығыз ынтымақтастық сахналық әрекеттің драматургиялық дамуына, кейіпкерлер мінезінің ашылуына және спектакльдің жалпы эмоционалдық сипатына ерекше мән беруге мүмкіндік берді.
Қойылымның визуалдық әлемін қалыптастыруға сценографтар Анастасия Капустина мен Наталья Шахматова атсалысты. Ал костюмдердің көркемдік шешімін белгілі дизайнер Игорь Чапурин әзірледі. Сахналық безендіруде 1970 жылдардағы Нью-Йорк атмосферасы заманауи театр эстетикасымен үйлестірілді. Ашық түстер, костюмдердің өзіндік фактурасы, айшықты пішіндер мен мобильді декорациялар спектакльдің көркемдік тұжырымдамасының маңызды бөлігін құрады.
— Спектакль жарқын әрі көңілді болады. Сценографтармен бірге спектакльдің айшықты композициясын ойлап таптық. Көрнекі шешім заманауи болады. Біз 70-жылдарға тән ашық түстерді, костюмдердің фактурасы мен стилін сақтауға тырысамыз, бірақ оның барлығы бүгінгі заман қолтаңбасымен әрі жаңаша көзқараспен ұсынылады. Декорациялар ауқымды көрінгенімен, өте мобильді болады, – деген еді Кирилл Радев премьера алдындағы шығармашылық жұмыс туралы әңгімесінде.

«Астана Опера» балет труппасының әртістері жаңа қойылымды сахналау барысында неоклассикалық хореографияның күрделі элементтерін меңгеріп, кейіпкерлердің мінезін би арқылы жеткізуге ерекше көңіл бөлді. Кирилл Радев театр ұжымының кәсіби деңгейін жоғары бағалап, әртістермен бірлескен жұмыстың шығармашылық тұрғыдан нәтижелі болғанын атап өтті.
— Труппаларыңыз керемет, театрда кәсіпқой мамандар еңбек етеді, дирекция да тамаша. Мұнда барлығы өте үйлесімді әрі кәсіби деңгейде жұмыс істейді. Олармен бірлесіп қызмет істеуден зор ләззат аламын, – деп пікір білдірген болатын хореограф.
Жаңа балеттің дайындық барысы «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың назарында болды. Ол шығармашылық үдеріске қатысып, қойылымның көркемдік деңгейіне ерекше мән берді. Сонымен қатар хореографқа авторлық идеясын жүзеге асыру үшін қажетті шығармашылық еркіндік берілді.
Әлемдік премьерада спектакльдің басты партияларын «Астана Опера» балет труппасының жетекші солистері мен әртістері орындады. Ақжарқын әрі мейірбан Чарлидің бейнесін Досхан Зәйдін мен Әлихан Әубәкір сахнада сомдады. Әлихан Әубәкір сондай-ақ Александр Корниловпен бірге жұмбақ Пошташының партиясын орындаушылар қатарында болды.
Махаббатта әлеуметтік дәрежеден гөрі шынайылықты жоғары қоятын Ирэннің бейнесін Шұғыла Әдепхан, Камила Шахманова, София Әділханова және Алина Зырянова сахнаға алып шықты. Полдың партиясын Олжас Тарланов, Айдан Қалжан және Жақсылық Сауқымбеков орындады. Сонымен қатар қойылымға Дарья Митрофанова, Әлия Әмірхан, Амир Хван, Ахмет Қабкенов және театрдың басқа да әртістері қатысты.
«Чарли мен Ирэн» романтикалық балет-комедиясы Mosaicа Del Arte шығармашылық тобының бірлескен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келді. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңа туындыда классикалық балет дәстүрі мен заманауи хореографиялық ізденістер, кинематографиялық бейнелеу тәсілдері мен театр өнерінің көркемдік мүмкіндіктері тоғысты. Спектакльдің әзілге толы оқиғалары мен романтикалық желісі арқылы көрерменге адам бойындағы мейірімділік, адалдық, мәрттік және махаббат секілді мәңгілік құндылықтар ұсынылды.
«Чарли мен Ирэн» балетінің әлемдік премьерасы «Астана Опера» театрының репертуарын жаңа авторлық туындымен толықтырып, елордалық балет өнерінің шығармашылық ізденістеріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды.