5 маусым күні Павлодар облысындағы «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушілері «Senimen Sayahat» жобасы аясында Баянауыл ұлттық табиғи паркіне танымдық саяхат жасады. Іс-шараны «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды, деп хабарлайды Aristocrat.biz..
Бүгінде «Сенімен Болашақ» РҚБ психологтарды, сарапшыларды, ағартушылық және әлеуметтік жобалар үйлестірушілерін, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлеріндегі филиалдарды біріктірген ауқымды экожүйеге айналған.
«Тілмен емес, тірлікпен іс қыл» қағидатын ұстанған бірлестік осы уақытқа дейін балаларды, жастарды және отбасыларды қолдауға бағытталған 20-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.
«Ұйым қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тәлімгерлікті дамыту және өмірлік қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді қолдау. Осы мақсатта 2023 жылдан бері Павлодар облысындағы «Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушілерімен тұрақты түрде кездесулер мен түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл бастамалардың басты мақсаты – ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерді ересек өмірге бейімдеу, мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және олардың әлеуетін ашуға қолдау көрсету», – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ төрағасы Гүлшат Серікбекова.
Экскурсия барысында балалар Баянауылдың табиғатымен танысып, ұлттық парк аумағындағы көрікті орындарды аралады және күнді достық әрі жылы атмосферада өткізді.