Бұл туралы ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь мәлімдеген.
Аталған көмек жергілікті тұрғындардың ауыр тұрмыс жағдайын жеңілдетуге бағытталып отыр, деп хабарлайды Aristocrat.biz.
Осылайша, Қытай Иран, Иордания, Ливан және Ирак елдеріне жедел гуманитарлық көмек көрсетпек.
– Жалғасып жатқан қақтығыс Иран және өңірдегі басқа елдердің халқы үшін ауыр гуманитарлық апаттарға әкелді. Қытай тиісті елдердің халықтарына жанашырлық білдіріп, моральдық қолдау көрсетеді, – деді дипломат баспасөз брифингтерінің бірінде.
Сонымен қатар, Қытай билігі алдағы уақытта да бейбітшілік орнатып, атысты тоқтату үшін қолдан келгенше іс-әрекет ететінін хабарлады. Өңірдегі тұрақтылықты қалпына келтіру және гуманитарлық дағдарыстың ушығуына жол бермеуді көрші ел барынша қолға алмақ.
Осыған дейін ЮНЕСКО Иран, Ливан және Израиль аумағындағы мәдени-тарихи нысандарға келтірілген залалды бағалап көрді. АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққылары салдарынан кемінде 4 мәдени-тарихи нысанның зақымданғаны белгілі болды.