Астана қаласы әкімдігінің №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында еліміздегі саяси жаңғырулар мен Конституцияға енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті., деп хабарлайды Aristocrat.biz.
Шара барысында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды.
Аталмыш диалог алаңында қоғамдық пікір көшбасшылары, халық қалаулылары мен партия белсенділері қатысып, реформалардың мән-жайын түсіндірді.
VII шақырылымның елордалық мәслихат депутаты болған Владислав Сергеев, «AMANAT» партиясының белсендісі Фарида Даримова, «AMANAT» партиясының Астана қаласы Алматы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ақтайлақова және №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры Ербол Жақсылықұлы реформалардың өзегіне, билік пен қоғам арасындағы жаңа қарым-қатынас моделіне тоқталды. Азаматтардың рөлін нығайту, жауапкершілікті күшейту, мәслихаттардың рөлі, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері ашық диалог алаңында талқыға түсті.
Жиын тек баяндама түрінде емес, еркін пікір алмасу форматында өтті.

Аурухана ұжымы мен кездесуге қатысушылар конституциялық өзгерістердің қарапайым азаматтардың күнделікті өміріне, сондай-ақ медициналық ұйымдардың жұмыс істеу тәртібіне қалай әсер ететіні туралы сұрақтар қойды.
«Мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті көтеріп қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпірін нығайтады. Біз үшін әрбір азаматтың реформаның мәнін түсінгені маңызды», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа реформалардың ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтып, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Ашық диалог — демократиялық қоғамның басты құралы, ал мұндай шаралар елорданың басқа да мекемелерінде жалғасын таппақ.