Aristocrat.biz
Түркістан облысында қытайлық инвестор тоқыма комбинатын салып жатыр
ашық дереккөзден алынды

Түркістан облысында қытайлық инвестор тоқыма комбинатын салып жатыр

Түркістан облысында қытайлық инвестицияның көлемі артып келеді, бұл өңірдегі өнеркәсіптің дамуына оң әсерін тигізіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, Түркістан облысында қытайлық инвестордың қатысуымен мақтаны өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын тоқыма комбинатының құрылысы жүріп жатыр.

— Мен бұл компанияға алғаш барғанымда, жоба енді басталған болатын, ал қазір нәтижесі шынымен де керемет, — деп атап өтті Серік Жұманғарин Астанада өтіп жатқан «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысының барысында.

Сондай-ақ ұлттық экономика министрі елімізге шетелдік инвестицияның келуі өңірлік экономиканың дамуына тікелей ықпал ететінін айтты.

— Саудасыз инвестиция болмайды. Сауда нарықты зерттеуге мүмкіндік береді, содан кейін ірі жобаларды іске асыру кезеңіне өтуге жол ашады, — деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан «Қытай — Орталық Азия» іскерлік кеңесінің екінші отырысы аясында жалпы құны 17 миллиард АҚШ долларынан асатын 35-тен астам меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, Орталық Азия елдері мен Қытай 17 млрд доллардың келісіміне қол қойды.