ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Самұрық-Қазына» АҚ мен еншілес ұйымдарында мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, стратегиялық басқару жүйесінің жағдайын бағалады, деп хабарлайды Aristocrat.biz..
Тексеру қордың корпоративтік орталық ретіндегі қызметін, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Samruk-Kazyna Ondeu» және басқа да бірқатар компанияны қамтыды. Барлығы 18 заңды тұлғада аудит жүргізіліп, Парламент депутаттары мен қоғам тарапынан түскен сауалдар ескерілді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қор компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңгені, ал шоғырландырылған таза пайдасы 2,4 трлн теңгені құрады.
- Аудит қамтыған кезеңде холдинг мемлекетке 2,37 трлн теңге аударған. Оның 779,9 млрд теңгесі дивидендтер түрінде, 1,6 трлн теңгесі активтерді бәсекелестік ортаға беру есебінен төленген. Бұған қоса қор Президент пен Үкімет тапсырмаларын орындау үшін қосымша 673 млрд теңге бағыттаған.
Тексеру барысында стратегиялық жоспарлау мен басқаруда елеулі кемшіліктер анықталды.
2018-2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы күткен нәтижеге толық жеткізбеген: 8 компанияны шетелдік аналогтар деңгейіне шығару мақсаты орындалмаған. Бағдарламадан түскен нақты пайда 154,5 млрд теңге болды, бұл жоспарланған көрсеткіштен екі есе төмен, - деп жазды палатадан.
Корпоративтік басқару деңгейінің жеткіліксіздігі де байқалған. Стратегиялық құжаттарды сапалы әзірлемеу, жоспарлы көрсеткіштерді төмендету фактілері тіркелген. Холдингтің даму жоспарының орындалуына бақылау күшейтілуі тиіс.
- Қор қолданатын ақпараттық жүйелер де жеткіліксіз. 7 жүйенің тек 4-еуі қолданыста, басқарушылық есеп жүргізуге арналған SAP BPC жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Бірқатар компанияда қаржылық есеп әлі де қолмен жүргізіледі.
Ішкі нормативтік құжаттарды жүйелеу мәселесі де өзекті. Қордағы құжаттардың шамамен 15 пайызы қолданылмайды, қайта қарауды немесе күшін жоюды қажет етеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің 3-еуі және қор басқармасы жанындағы 7 комитеттің 2-еуі соңғы кезеңде жұмыс істемеген. Бұл холдингтің басқару құрылымының күрделілігін көрсетеді, - делінген ақпаратта.
Холдингтің өзіне қарасты құрылымында 6 деңгейге бөлінген 326 компания бар. 2020-2024 жылдары қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания жұмысты шығынмен аяқтаған. Бұл активтерді оңтайландыру қажеттілігін айқын көрсетеді.
Инвестициялық жобаларды басқару мен бақылауда да проблемалар анықталды. 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде қор компанияларының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.
Аудит қорытындысы бойынша:
351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылық,
122,2 млрд теңгеге тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері,
119 жүйелік кемшілік тіркелді.
Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал кейбір бұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілді.