Денсаулық сақтау министрі ұшақта жағдайы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды Aristocrat.biz..
Threads әлеуметтік желісінде ұшақта болған жолаушылардың бірі жағдайдың бейнежазбасын жариялады.
– Ұшақ ұшайын деп жатқанда мен ұйықтап кеттім. Сол кезде дауыс естілді: «Бортсерік! Бортсерік! Қыздың жағдайы нашарлап кетті, дәрігер керек!»
Қасына бір әйел келіп, оның есін жидыра бастады, қан қысымын өлшеді, көтеріліп кетіпті. Бортсерік олардан: «Сіздер дәрігерсіздер ме?» деп сұрады. Қан қысымды өлшеген әйел жайлап: «Дәрігер», – деді де өз ісін жалғастырды, – деп жазған Айгүл Елемес есімді желі қолданушысы.
Оқиға бүгін таңертең Астана-Алматы бағытындағы КС 622 әуе рейсінде болған. Куәгерлер дәрігер жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайын тұрақтандыруға жәрдемдескенін айтады. Ол қажетті кеңес беріп, дәрі-дәрмек қабылдауға нұсқаулық жасаған. Науқастанған қыз өзін жақсы сезінгеннен кейін сапарды жалғастыра алатынын айтқан.
Белгілі болғандай, жолаушыға алғашқы көмек көрсеткен дәрігер – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова болып шықты.
– Бүгін таңертең Астана–Алматы бағытымен ұшқан әуе кемесінің бортында министр гипертониялық криз жағдайындағы жолаушыға көмек көрсетті, – дейді ДС министрлігі.