Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақсанда ірі үш қоқыс өртейтін зауыт салынатынын мәлімдеді. Айтуынша, бұл үшін қытайлық серіктестермен инвестициялық келісімге қол қойылған, деп хабарлайды Aristocrat.biz..
Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 293 миллиард теңге, құрылыс мерзімі – екі жыл.
"Қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды жою үшін Астана, Алматы және Шымкентте 3 қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланып отыр. Биыл бұл бойынша қытайлық инвесторлармен келісімдерге қол қойдық", – деді Әлиев Үкімет отырысында.
Министрліктің мәліметінше, жоба іске асса, толып тұрған полигондардың жүктемесі азайып, қайта өңделетін қалдықтардың үлесі мемлекеттік бағдарламалардағы мақсатқа сай 40%-ға дейін артады.
Экология министрлігі "Жасыл Даму" АҚ-ны елдегі қоқыс өңдеу жүйесінің операторы етіп, оны Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы мәртебесіне ие етуді де ұсынып отыр. Компания цифрландыруға, нақты статистика жинауға және қалдықтардың бүкіл ел бойынша қозғалысын бақылауға жауапты болады.
Әлиевтің айтуынша, бірыңғай орталық құру қалдықтарды басқарудағы бытыраңқы жүйеден заманауи, ашық әрі тиімді жүйеге көшуге мүмкіндік береді.
"Жасыл Даму" сондай-ақ утильалым қаражатын бөлу және жаңа жобаларды қаржыландыру міндетін де атқармақ. Бүгінде компания полигондарды жаңғырту мен қайта өңдеуді енгізуді қолдап келеді.