Туризм: Баға мен маркетинг арасында
Пандемиядан кейін қалпына келіп, туристердің саны бойынша рекорд жаңартқан Қазақстан туризмі қонақтарға да, инвестицияға да тартымды салаға айналып келеді. Алайда саланың дамуын тежеп тұрған проблемалар толық шешімін тапқан жоқ. Геосаяси жағдайға байланысты жаңа туристік бағыттар ашылып, визасыз режимдегі елдер саны артып жатыр. Бірақ бізде мақсатты аудиторияны қызықтыратын маркетинг құралдары әлі де кенже қалып отыр. Forbes Kazkahstan тілшісі туризм нарығындағы соңғы үрдістер мен проблемаларды талдап көрді.
Статистика әртүрлі
Пандемиядан кейінгі қалыптасқан жақсы үрдістің бірі — ел ішінде саяхаттау. «Қазақтуризм» дерегіне сүйенсек, ішкі туризмде 2022 жылы 8,6 млн адам болса, былтыр бұл көрсеткіш 10,5 млн адамға жеткен. Сала мамандарының айтуынша, ел ішін аралайтын туристер саны жыл сайын 10–15% өсім көрсетіп отыр. Ал сырттан келетіндердің есебін ҰҚҚ Шекара қызметінің дерегінен көреміз: 2024 жылы шекараны 15 млн турист кесіп өткен. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 млн адамға көп.
«Қазақтуризм» ұлттық компаниясының дерегінше, 15 млн туристің 5 миллионы — жұмыс бабымен келгендер немесе біздің елге қоныс аударғандар. Ал қалған 10 млн саяхаттаушы қыдырып немесе медициналық мақсатпен келген. Оқуға келген студенттер мен туысына қонаққа келгендер де туристер санатына жатқызылады. Себебі олар көлік, тамақтану, орналастыру орындарының қызметтерін қолданады.