Aristocrat.biz
Қазақстанда SIM-карталарды eGov арқылы сатып алу қарастырылуда
Фото: freepik.com

Қазақстанда SIM-карталарды eGov арқылы сатып алу қарастырылуда

Бұған дейін Қазақстанда SIM-карталарды ресми байланыс операторлары ғана сата алатыны хабарланған еді. Енді мобильді нөмірлерді eGov сайты арқылы да сатып алу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны мәлім болды. Цифрлық даму министрлігі тиісті түзету әзірлеген. Бұл туралы aristocrat.biz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабеновтің мәлімдеуінше, министрлік заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынған. 

"Заң жобасында біз нөмірлерді операторлық желі арқылы ғана емес, eGov арқылы да тарату мүмкіндігі болуын айтып отырмыз", – деді Олжас Қабенов құжатты қоғамдық талқылау барысында.

Оның айтуынша, қазір байланыс операторлары ведомствоға өтініш беріп жатыр, оларға қазақстандықтар кейіннен сатып ала алатын нөмірлер пулы берілуде.

Осылайша, қазақстандықтар болашақта абоненттік нөмірлерді өз бетімен таңдай немесе үйден шықпай-ақ онлайн түрде ала алуы мүмкін.

Еске салсақ, таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметтерін көрсету ережелеріне өзгерістер енгізетін бұйрық жобасын жариялаған еді. Түзетулер күшіне енген кезде Қазақстанда SIM-карталарды тек байланыс операторларынан сатып алуға болатыны айтылған. Идея авторларының пікірінше, бұл алаяқтық әрекеттерін азайтуға мүмкіндік бермек. Ал SIM-карталарды жасырын саудалайтын кәсіпкерлерге айыппұл салынбақ.