1 наурыздан бастап Қорғас шекаралық бақылау-өткізу пунктінде жаңартылған жүйе іске қосылды. Жаңа тәртіп Қазақстанға Қытайдан автокөлік әкелу процесін жеңілдетіп, шекарадағы кептелісті азайтуды көздейді, деп хабарлайды Aristocrat.biz..
Коммерциялық көліктерге арналған жедел арна
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас бекетінде коммерциялық автокөліктер үшін алғашқы жедел өткізу арнасы ашылды. Жүйе «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді және биометриялық тексеру құрылғыларымен жабдықталған.
Енді жүргізушілер:
төлқұжатты сканерлейді;
құрылғыға қарап биометриялық тексеруден өтеді;
саусақ іздерін тапсырады.
Барлық рәсімдерді көліктен түспей-ақ орындауға болады.
Қытайдың Синьхуа агенттігінің мәліметінше, жүргізушілер жаңа жүйенің ыңғайлы әрі жылдам екенін атап өткен.
«Бұрын барлық рәсімдерді шекара қызметкері тіркеу орнында рәсімдейтін. Қазір төлқұжатымды сканерлеп, құрылғыға қарап, саусақ ізімді қалдырамын. Барлығы тез әрі қолайлы», – дейді жүргізушілердің бірі.
Қорғас – Қытайдан көлік экспорттайтын ірі қақпа
Қорғас – Қытайдың автокөлік экспорттайтын ең ірі құрлықтағы шекара бекеттерінің бірі. Күн сайын бұл бағыт арқылы Қазақстан мен Өзбекстанға 1000-нан астам көлік жөнелтіледі.
Өткен жылы экспорт көлемі рекордтық 450 мың автокөлікке жеткен. Бұл көрсеткіш Қытай автокөліктерінің Орталық Азия нарығындағы үлесінің артқанын көрсетеді.
Қазақстан нарығына әсері қандай?
Сарапшылардың айтуынша, шекара рәсімдерінің жеңілдетілуі логистиканы жеделдетіп, тасымал шығындарын азайтады. Бұл өз кезегінде Қазақстанға импортталатын көліктер санының артуына ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар бұған дейін блогер Санжар Аскаров Қазақстан–Қытай шекарасында несиеге алынған және кепілдегі көліктердің көп жиналғанын айтқан еді. Мұндай автокөліктердің нарыққа шығуы ішкі бағаға әсер етуі ықтимал.