Aristocrat.biz
Қазақстанда Қытай туризмі жылы басталды
фото: Арман Мухатов

Қазақстанда Қытай туризмі жылы басталды

Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының туризм жылының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды aristocrat.biz. 

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қытай мен Қазақстанды кез келген салада байланысы бекем, достығы берік елдер деп атады.

Айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы қатынастар "Бір белдеу. Бір жол" бастамасы аясында жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл тұрғыда туризмнің маңызды факторға айналғаны сөзсіз.

2025 жылды Қытай туризмі жылы деп жариялау жөнінде шешімді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин қабылдады. Бұл бастама екі ел арасындағы 2024 жылғы Туризм жылын жалғастырып, ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастайды. Қытай – Қазақстан үшін туризм саласындағы негізгі стратегиялық серіктес. Біз көне Жібек Жолының қазіргі жалғасы ретінде туризм мен мәдени байланыстарды кеңейтіп келеміз. Цифрлық экожүйе барысында жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы Қытайда 37 имидждік іс-шара өткізілді, – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Айта кетерлігі, Қытайдан келген туристер саны 655 мың адамға жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 78 пайызға артық. Осы тұрғыда туризмнің қанат жаюына визасыз режим мен әуе рейстерінің артуы осы нәтижеге ықпал етті. 

2025 жылдың бес айында Қытайдан келген туристер саны 280 мыңнан асты. Бұл да өсімді көрсетіп жатыр. Жаңа рейстер мен Сиань-Алматы туристік пойызы да өз үлесін қосуда. Бүгінгі рәсім – екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі. Алда түрлі жобалар жүзеге асады деп сенемін. Қытай инвесторларын Алматы, Бурабай, Катонқарағай, Каспий жағалауындағы жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз, - деп ағынан жарылды ҚР Туризм және спорт министрі.

Ведомство басшысы еліміздегі Қытай Халық Республикасының туризм жылы аясында екі ел арасындағы туристік бастамаларды қолдаймыз деп отыр.

Қазақстанның үш қаласы Жібек жолы бойындағы туристік қалалар альянсына мүше. Туризм саласының тұрақты дамуына кадрлық негізді қалыптастыруымыз керек. Кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты күшейту де маңызды. Кәсіпорындардың өз елінің мәдени және туристік ресустарын пайдалануына қолдау білдіруіміз керек. Қытай – ежелгі тарихы бай, мәдениеті және көркем табиғатымен танымал ел. Қазақстан халқын Қытайға келіп саяхаттауға шақырамыз, - деді Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели.

Сондай-ақ Ұлттық музейде "Жібек пен Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға" атты көрме өз жұмысын бастады. Сонымен қатар іс-шара аясында ҚР Ұлттық музейі мен Қытайдың Ұлттық жібек музейі арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында музей ісі саласындағы бірлескен бастамалар қолға алынып, Жібек жолы мұрасы бойынша мәдени ынтымақтастық орнайды.

Көрмеде барлығы 131 экспонат ұсынылады. Экспозицияда ежелгі жібек маталарының түпнұсқалары мен көшірмелері, сондай-ақ заманауи сәндік өнер туындылары көрініс тапқан. 

Мәдени іс-шара Қытай мен Қазақстанның тарихи мұраны сақтау мен ілгерілету саласындағы мәдени байланыстары мен ортақ жетістіктерін айқындайды. 

Көрме 8 тамызға дейін жалғасады.