Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қазақстан Қарулы күштерін дамыту мен армияны реформалаудың негізгі бағыттары белгіленді.
Басты назар Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы берген армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды орындауға аударылды.
Қазақстан армиясын жаңғыртуда не өзгереді?
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қарулы күштерді дамыту барысында заманауи қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстар тәжірибесі, әскери технологиялардың қарқынды дамуы және әскери қызмет қауіпсіздігі ескеріледі.
Негізгі басымдықтар әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлық сапасын көтеруге, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталмақ.
Әскердегі қауіпсіздікке ерекше назар аударылады
Армиядағы өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту.
Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру және жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту тапсырылды.
Сонымен қатар әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және мұндай жағдайларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылмақ.
Сарбаздарды даярлау тәсілі өзгереді
Қорғаныс министрі әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Оқыту бағдарламалары қазіргі заманғы ұрыс қимылдарының жағдайына барынша бейімделіп, практикалық тәжірибе мен заманауи қарулы қақтығыстарды талдауға негізделуі тиіс.
Әскерилерді даярлау кезінде ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау және байланыс жүйелерін, сондай-ақ басқа да жаңа әскери технологияларды қолдануға басымдық беріледі.
Әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі күшейтіледі
Кеңесте әскери бөлімшелердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығы да қаралды.
Командирлер жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің өзара үйлесімді іс-қимылын және түрлі жағдайда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуі тиіс.
Армияда есеп пен артық кеңестер қысқарады
Қарулы күштерді басқару жүйесін жетілдіру реформаның жеке бағыты болмақ.
Бұл бағытта үдерістерді одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді азайту, есептілікті және практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту жоспарланып отыр.
Осының нәтижесінде босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс.
Қорғаныс саласындағы шығындарға бақылау күшейеді
Армияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары да жалғасады.
Сатып алу мен ресурстарды бөлу кезінде әскерлердің нақты қажеттіліктері және жауынгерлік даярлықтың басым бағыттары ескерілмек.
Қорғаныс министрі бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалану, тиімсіз шығындарға жол бермеу және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру міндетін қойды.
«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді Қорғаныс министрі.
Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүріп жатыр
Кеңес барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан Қорғаныс министрлігі қызметін кешенді тексеру мәселесі де қаралды.
Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, сұратылған барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.
Осылайша, Қазақстан армиясын реформалаудың негізгі бағыттары жауынгерлік әзірлікті күшейту, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, басқаруды цифрландыру және қорғаныс саласындағы ресурстарды тиімді пайдалануға негізделмек.