Банктерге цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқығы беріледі , деп хабарлайды Aristocrat.biz.. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында банк қызметі туралы заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
- Заң жобасы аясында цифрлық активтердің басқа түрін реттеу көзделген. Бұл қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, яғни - криптовалюталар. Криптовалюталарды айырбастайтын ұйымдарды құру көзделеді. Олардың қызметіне Ұлттық банк лицензия береді және реттейді. Инвесторларды қорғау үшін Ұлттық банк айналысқа рұқсат етілген криптовалюталардың тізбесін, сондай-ақ криптовалюта айырбастаушылардың операциялары бойынша лимиттер мен шектеулерді белгілейтін болады, - деді агенттік басшысы.
Оның атап өтуінше, кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында криптовалюта айырбастаушылар мен цифрлық активтер нарығының инфрақұрылымдық қатысушылары қаржылық мониторинг субъектілерінің тізбесіне енгізіледі.
- Сондай-ақ заң жобасында банктердің экожүйелер аясында инновациялық қаржы өнімдерін дамыту, банк қызметіне озық технологияларды енгізу және банктердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қаржылық-технологиялық компаниялардың капиталына инвестициялау мүмкіндіктері кеңейтіледі. Банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқығы беріледі, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік төрағасының айтуынша, банктердің еншілес ұйымдары шетелдік қаржы және лизингтік компанияларға инвестиция сала алады. Еншілес сақтандыру ұйымдарына шетелдік сақтандыру брокерлерін, медициналық мекемелерді құруға және халықаралық сақтандыру синдикаттарына қатысуға рұқсат етіледі.
- Заң жобасында түзетулердің едәуір блогы ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Оған ашық банкинг жүйесі, мобильді төлемдер мен төлем карточкалары жүйесі, ұлттық төлем жүйесі, сәйкестендіру деректерін алмасу орталығы және цифрлық теңге кіреді. Цифрлық теңгенің ұлттық валютаның жаңа нысаны ретіндегі мәртебесі заңнамалық түрде бекітіледі. Цифрлық теңгенің айналысы және оны пайдалану тәртібін Ұлттық банк айқындайды, - деді ол.