Трамп Қазақстан және бірқатар елге қарсы кедендік баж салығы туралы жарлыққа қол қойды
АҚШ президенті Дональд Трамп ондаған елге қатысты импорттық баж салығын енгізу туралы жарлықтарға қол қойды. Аталмыш тізімде Қазақстан да бар.
АҚШ президенті Дональд Трамп 69 ел мен аумаққа, сондай-ақ Еуроодаққа қатысты импорттық баж салығын енгізу туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл Трамп белгілеген жаңа сауда келісімдерін жасау үшін соңғы мерзім еді.
Дональд Трамп Қазақстанға қатысты 25 пайыз көлемінде баж салығын енгізді.
Жарлықта “нақтыланған жауаптық баж салықтары” деп көрсетілген бұл шаралар жеті күннен кейін күшіне енеді. Бірақ Канадаға қатысты шаралар бірден күшіне енеді.
“Канадаға қатысты баж салығы бұрынғы 25%-дан 35%-ға дейін көтерілді. Алайда бұл салықтардың АҚШ, Мексика және Канада арасындағы USMCA сауда келісімі аясында қамтылған тауарларға қатысы жоқ. Бұл негізінен Солтүстік Америка шикізатынан өндірілген немесе импорттық шикізаттан терең өңдеуден өткен өнімдерге қатысты. Ең жоғары баж салығы Сирияға — 41%, Лаос пен Мьянмаға — 40% мөлшерінде белгіленді. Ең төменгі — 10% — баж салығы Британияға және оның құрамындағы Фолкленд аралдарына салынды”, – деп жазды BBC.
Ақ үй жариялаған тізімде Бразилия үшін де баж салығы 10% деп көрсетілген. Дегенмен бір күн бұрын Трамп бұл елден келетін импортқа 50% баж салығы енгізу туралы жарлыққа қол қойған еді.
Егер Трамп шешімін өзгертпесе, көрсетілген елдерден және Еуроодақтан келетін импортқа 15% мөлшерінде кедендік баж салығы салынады. Үндістанға Трамп уәде еткендей, 25% баж салығы белгіленді.
“Еуропадағы ең жоғары тарифтер Швейцария (39%) мен Сербияға (35%) енгізілді. Трамп ең жоғары тарифтер енгізген елдердің ішінде тек Швейцария ғана АҚШ үшін маңызды сауда серіктесі. Былтыр Швейцария Америкаға 63,4 миллиард доллардың тауарын экспорттаған. Қытай бұл тізімде жоқ, себебі АҚШ өзінің негізгі сауда серіктесімен жеке келіссөздер жүргізіп жатыр. Трамптың жарлығында тауарды үшінші елдер арқылы АҚШ-қа тасымалдау арқылы жоғары тарифтерден жалтаруға тырысу мәселесіне де жеке бап бар. Егер тауардың нақты шыққан елі анықталса, мұндай импорт 40% баж салығымен жазаланады”, – делінген басылымда.
АҚШ-тың Кеден және шекара қызметі Қытайдан тауар әкеліп, оны үшінші ел арқылы тасымалдаған компанияларды бұрын да жауапқа тартқан.
Еске салсақ, бұған дейін Трамп Тоқаевқа ресми хат жолдап, Қазақстаннан әкелінетін барлық тауарға 25% баж салығы енгізілетінін жеткізген еді. Сондай-ақ Тоқаев Трамптың Қазақстан тауарларына салық салу туралы хатына жауап жіберді.