Aristocrat.biz
Перизат Қайрат ісі: тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған
Коллаж: Kazinform

Перизат Қайрат ісі: тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған

 Елордада Biz birgemiz қорының жетекшісі болған Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот отырысы үшінші күнге жалғасты.

Бүгінгі сот отырысы куәгерлерден жауап алудан басталды. Сотта «Стройконструкция» АҚ-ның өкілі, заңгер Галина Исаева жауап берді. Оның айтуынша, компания 2024 жылғы су тасқыны кезінде Перизат Қайраттың қорына 200 миллион теңге аударған.

Куәгердің мәлімдеуінше, құрылыс компаниясы Biz birgemiz қорымен байланысқа шыққан. Сондай-ақ компания басшылығы қайырымдылық ұйымы туралы әлеуметтік желілердегі бейнероликтер мен жарнама және ашық ақпарат көздерінен білген. 

2024 жылғы 2 мамырда су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек көрсету туралы шешім қабылданған. Ал 10 мамырда компания Перизат Қайрат қорының шотына 200 миллион теңге аударған. Қордың реквизиті жарнамадағы бейнероликтен алынған.

Одан бөлек Галина Исаева интернетке орналастырылған материалдар компания басшылығының шешіміне әсер еткенін айтты.

— Неліктен мен жарнаманы басшыма апардым? Онда Перизат Қайраттың «несиені тоқтатыңдар» деген сияқты өтініші болған. Бұл бізге әсер қалдырды. Себебі, адамдар расымен қиын жағдайда еді, — деді ол сотта.

Оның айтуынша, қорға ірі компаниялар мен банктердің қомақты қаржы аударуы аталған ұйымға деген сенімді арттырған. 

Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді.