Aristocrat.biz
Тіл үйрену машақаты
Фото: © Depositphotos.com/Realinmedia

Тіл үйрену машақаты

Alqa баспа үйінің бас редакторы Баян Хасанова үшін ағылшын тілін үйрену жай ғана хобби емес, өмірлік мақсатқа айналған ұстаным. Шетелге оқуға түсуді көздеген ол IELTS емтиханынан жоғары балл алу үшін бірнеше айдан бері жергілікті ағылшын тілі курсына қатысып жүр. Бірақ бұл оның шет тілін жетілдіру жолындағы алғашқы талпынысы емес.

«Ағылшын тілін өмір бойы оқып келемін. Мектепте де, университетте де оқыдым. Жұмысқа тұрғанда да түрлі курстарға қатысып жүрдім. Әрқашан тіл үйреніп жүріп, оны лайықты деңгейде меңгермегенім қызық, әрине, — дейді Баян. — Бірақ бұл жолы мақсат нақты. Қажетті межеге жетуге барымды саламын». Баян секілді ағылшын тілін бастап, кейін тастап, қайта оралғандар Қазақстанда көп. Ендеше бұл — жеке адамның мәселесі ме, әлде елдегі тіл саясаты мен білім беру жүйесінің салдары ма?

Теңсіз білім салдары

2024 жылғы EF English Proficiency Index (EF EPI) зерттеуіне сәйкес, ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша Қазақстан 116 елдің ішінде 103-орыннан көрінді. Бұл — ағылшын тілі деңгейінің «өте төмен» санатына жататын көрсеткіштің бірі. Алматы мен Астанадағы деңгей сәл жоғары болғанымен, аймақтарда жағдай әлі де қиын. Елімізде тілді ең жақсы меңгерген жас тобы — 26–30 жас аралығындағы қазақстандықтар. Бұл топтың орташа балы — 459. Бұдан жастардың халықаралық коммуникация мен цифрлық білімге көбірек бейім екенін байқай аламыз, дегенмен, бұл да өзге елдермен салыстырғанда әлсіз көрсеткіш.

Зерттеулермен айналысатын EF Education First компаниясының ТМД елдері бойынша директоры Дмитрий Федоровтың айтуынша, қазақстандықтар ағылшын тілін үйренуге жеткілікті деңгейде қызығушылық танытпайды. Көптеген оқушылар, студенттер мектепте, университетте немесе күнделікті өмірде ағылшын тілі қажет емес деп санайды. Сондықтан мотивация әлсіз. Ал TOEFL мен IELTS сынды емтихандарды сәтті тапсыру — тек мақсатты түрде дайындалатын жандардың еншісінде.

Бұл пікірмен жергілікті тіл үйрету курстарының мамандары да келіседі. Мәселен, Мәди Фазыл — ағылшын тілі маманы әрі Jetil.kz тіл мектебінің негізін қалаушы, ол бұл жағдайды бірнеше фактормен түсіндіреді. «Қазіргі таңда қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі біршама төмен. Жалпы халықтың тек 4–5%-ы ғана ағылшын тілін еркін меңгерген деуге болады. Бұл — сапалы білімге қол жеткізудегі теңсіздіктің салдары. Қалада курс, мектеп көп, бірақ ауылда мұндай мүмкіндік жоқтың қасы», — дейді ол.

Сарапшы, сондай-ақ, ағылшын тілін үйренуге келетін студенттерді үш санатқа бөліп қарастыруға болады деп отыр. Біріншілері — шетелде оқуға түсу үшін TOEFL мен IELTS емтихандарына дайындалушылар; екіншілері — мансап және жұмыс үшін тіл меңгеретіндер; ал үшінші топтағылар ағылшын тілін өз білгендерін шыңдап, өздерін дамыту мақсатында немесе саяхат үшін үйренеді деп түсіндіреді маман. Мәди Фазылдың айтуынша, осы үш санаттың ішінде «айтарлықтай нәтижеге жететіндер — әдетте бірінші санаттағы студенттер».

Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен консулдығының мәліметінше, бүгінде еліміздің 10 қаласында — Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Қарағанды және Қостанайда American Corner орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтарда ағылшын тіліне бағытталған тегін бағдарламалар өткізіліп, мектеп оқушылары мен студенттердің ағылшынша еркін сөйлеу және түсіну дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Көптеген қатысушы үшін тіл үйрену — АҚШ мәдениетін тереңірек танып, білім мен мансаптағы мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, шетелдік университеттерге түсуге дайындықтың бір бөлігі болып отыр.

Фото: © Андрей Лунин

Мұғалімге де сұрақ көп

Мамандардың түсіндіруінше, шет тілдерін меңгерудің өзіндік бірнеше сатысы бар, олар бастауыштан жоғары деңгейге дейін былайша бөлінеді: A1 — Beginner, A2 — Elementary, B1 — Pre-Intermediate, B2 — Intermediate, C1 — Upper Intermediate, C2 — Advanced. Тіл үйрету барысында мамандар CEFR (Common European Framework of Reference) талаптарын басшылыққа алады. «Зерттеулерге сәйкес тіл меңгеру үшін белгілі бір уақыт көлемінде сабақ оқу керек, мысалы, A1: 90–100 сағат, A2: 180–200 сағат, B1: 350–400 сағат — осылайша оқу уақыты ұлғайып өсе береді. Бұл мұғаліммен және өз бетінше оқуды қоса есептегендегі сағат саны», — дейді Бақытгүл Салыхова. Ол 2018 жылы әріптесі Асхат Еркімбаймен қосылып «6 Weeks English» деген атаумен алты аптада бір деңгейді меңгеруге болатын курс ұйымдастырған болатын.

«Көп адам «Тілді тез үйренуге бола ма?» деп сұрайды. Ал мен оларға «Тіл үйренуге қанша уақыт бөле аламын?» деген сұраққа жауап беріңізші деймін. Күніне 1, 2 не 3 сағат? Аптасына 3 не 10 сағат? Бір жыл бойы күніне 2 сағаттан аптасына бес күн оқи аласыз ба? «Тез» дегеніміз тек қана тіл меңгеруге жұмсалатын уақыт. Өз басым әр адам кез келген тілді меңгеріп кететініне сенімдімін, бұл үшін тек уақыт, табандылық, сабыр және тәртіп керек», — деп қорытады Бақытгүл ханым.

Бұл пікірге Мәди Фазыл да қосылады: «Ағылшын тілін толық меңгеру үшін ол адам кем дегенде 20 000 сағат тілмен байланыста болуы керек және онда: тыңдау, сөйлеу, оқу, жазу, саяхаттау бәрі қамтылуы тиіс. Тіл үйрену тек курсқа келумен шектелмейді», — дейді ол.

Надежда Понамарёва — CELTA халықаралық сертификатын иеленген ағылшын тілінің мұғалімі. Ол көптеген мектептер мен ұйымдарда сабақ беріп, кейін Астана қалалық әдістемелік орталығында әдіскер болған. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында оқу бағдарламаларын әзірлеуге де атсалысқан. Бүгінде Teach For Kazakhstan жобасында қолдау және тренинг ұйымдастыру жөніндегі менеджер болып істейді. Оның айтуынша, 2023 жылы ағылшын тілі мұғалімдерінің орташа деңгейі — шамамен A2 болатын. Ал мектеп бағдарламасына сәйкес, оқушылар 11 жыл ішінде кемінде B1 деңгейіне жетуі тиіс. Бірақ бұл нәтиже іс жүзінде байқалмайды.

«Ең басты себеп — әдістеменің әлсіздігі және мұғалімдердің өз деңгейінің төмендігі. Олардың көбі тек грамматиканы біледі. Егер мұғалімнің өзі ағылшын тілінде сөйлемесе, онда оқушы да сөйлемейді. Мен өткізген әдістемелік курстан көп мұғалім өте алмады — себебі курс ағылшын тілінде жүргізілді, ал олардың тіпті A2 деңгейі де болмады. Бұл, әсіресе, ауыл мұғалімдеріне тән», — дейді ол.

Таңдау өзіңнен басталады

Надежда Понамарева сондай-ақ, еліміз 2015–2017 жылдары енгізуге тырысқан үштілділік идеясын да еске салды. «Үш тілде білім беру» бағдарламасы аясында мұғалімдер дайындау бастамасы өте амбициялық болғанымен, жүзеге аспады. Білім беру мәселелеріне қатысты конференциялардың бірінде профессор Сұлушаш Керімқұлова іріктеу кезеңіне қатысқаны жайлы айта отырып, басты қиындықтардың бірі — мұғалімдердің деңгейінің төмендігі және әдістемелік дайындықтың жоқтығы дегені есімде. «Грамма-транслейшн» әдісі әлі де басым. Ал 2–3 айда B2 деңгейіне жету — халықаралық стандарттар бойынша мүмкін емес», — дейді Надежда ханым. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда мектептерге көбірек автономия беру керек:
«Егер мектептің ресурсы мен кадры болса, пәндерді ағылшын тілінде оқытып көруге болады. Соңғы жылдары оқулықтар мен оқу құралдары дайындала бастады. Бірақ 2016 жылы жоспарланғандай, барлық 7500 мектепте ағылшын тілінде пән жүргізу — қазір де ойдағыдай орындала қоятын дүние емес».

Қазақстанда ағылшын тіліне деген қызығушылық бар, бірақ жүйелі нәтиже жоқ. Бұл — жеке мотивация, теңсіз білім, әдістемелік әлсіздік және жүйелік мәселелердің қиылысында тұрған күрделі ахуал. Ауылда егер адам өз бетінше ізденсе, немесе тілді үйренуге қабілеті болса, нәтиже көрсетуі мүмкін. Бірақ бұл арада мотивация мәселесі де бар — балалар шетелде оқимын деген мақсат қоймайды, сондықтан ағылшын тілін не үшін үйренуі керектігін түсінбейді.

«Біздің Teach for Kazakhstan жобасы аясында, мысалы, Қарағанды облысында — ағылшын тілі мұғалімдеріне бос орын жоқ. Сондықтан біз өз қатысушыларымызды сол мектептерге жұмысқа орналастыра алмай отырмыз. Себебі мектептерде жұмыс істеп жатқан мұғалімдер сол жерге орнығып қалған. Сонымен қатар, көлеңкелі білім беру нарығы дамыған — репетиторлық курстар, ағылшынша үйретудің жеке форматы кең тараған. Бұл — ең дамыған бағыттардың бірі деуге болады. Бірақ ол жерде де мұғалімдердің біліктілігі өз алдына бөлек мәселе. Көпшілігі тек университет дипломымен шектеледі, ал CELTA, DELTA, Cambridge сертификаттары барлары аз. Әрине, ұмтылып жүргендер де бар, бірақ бұл бағытта әлі де жұмыс істеу қажет», — деп қорытады өз ойын Надежда Понамарева.

Бақытгүл Салыхова да осы мәселені нақтылап отыр: «6 Weeks English» курсын бастағанда біз CELTA сертификатының иегері болатынбыз, бұл — Кембридж университетінің арнайы рұқсаты бар орталықтарда ғана берілетін халықаралық деңгейдегі сертификат. Сабақ тек ағылшын тілінде өтеді, бұл — шет тілін үйренуде екінші тілді қолданбай үйретудің тиімді тәсілі. Осы арқылы үйренуші де тілдік ортаға бейімделе бастайды».

«Бүгінде студенттерді тек ағылшын тілі курсымен ғана қызықтыра алмайсыз, олар тіл үйренуге құлшына келетін қауымдастық қалыптастыра білу керек, — деп есептейді Мәди Фазыл. — Алматы қаласында тіл курстарының бағасы шамамен бірдей, 50 000 теңгеден бастап, өзіңізге онлайн/офлайн форматтағы курстарды табуға болады. Бізде оқушылар да, студенттер де, 30-дан асқан ересектер де оқиды. Мысалға, біз оқудан бөлек Speaking Club, белгілі тұлғалармен Talks форматындағы кездесулер ұйымдастыруға көңіл бөлеміз. Студенттер біздің мектепке қуана келіп, өзі таңдаған тілді үйренуге құлшына кіріссе, біздің жұмысымыз бекер болмағаны».

Alqa баспа үйінің бас редакторы Баян Хасанова айына 80 000 теңге төлеп, аптасына үш рет 1,5 сағаттан ағылшын тілі курсына барып жүр. Одан бөлек Netflix фильмдерін тамашалап, түрлі подкаст тыңдауды да әдетке айналдырған. Ол IELTS тапсырып, шетелде оқу арманын орындауға бір қадам жақындап қалғанын алға тартады. «Тіл үйрену — бір ғана емтихан үшін емес, өзіңнің мүмкіндігіңді кеңейту үшін де өте маңызды. Бүгін жасалған қадам ертеңгі жетістіктің негізі. Кейде оны ертерек, мектеп жасынан, кейде осылай ересек жасыңда түсінесің», — деп түйіндейді ол өз ойын.

Айтқандай, EF EPI рейтингі әдетте EF компаниясы ағылшынша жүргізетін тестілеуге қатысатын әлем бойынша 2,1 млн-нан астам адамның нәтиже көрсеткіштеріне негізделеді. Компания өз сайтында, тестілеуге қатысу туралы шешім әр адамның өз қалауы, өз еркі деп, олардың нәтижесі статистикалық мәліметтің нақты кепілі бола бермейтінін еске салады.