Аумағы ұлан-ғайыр, табиғаты тұмса, халқының саны аз болса да Моңғолия соңғы жылдары әлемдік туризм кеңістігінде айрықша орны бар елдердің біріне айналды. Бұл өлкенің қадірі тек қар басқан Алтайы мен Хаңғайының сұлулығында, не болмаса шетсіз-шексіз жазықтарында, Гоби шөлінде ғана емес. Оның ең үлкен байлығы – уақыттың дауылы шайып кете алмаған көшпелі өркениеттің тірі тынысы, ғұн, түркі және моңғол дәуірінен жеткен көне мәдени қабаттар, тарихи жадтың көмескі тартпай, бүгінгі өмір салтымен сабақтасып сақталғандығы – бүгінгі ұрпаққа аманат, әрі өзгешеше мақтанар нығмет. Сол құндылықтардың ішінде әлемді ерекше баурағаны – құсбегілік өнер.
Дала рухы мен тарих тынысы
Көкжиекпен астасқан салқар дала, қар жамылған тау сілемдері, жыл мезгілдерінің табиғи ырғағына бейімделген кең жайылым, мыңғырылған төрт түлік (моңғол ұғымында -бес түлік), тұмса табиғат, көшпелі тұрмыс – мұның бәрі сырт көзге жай көрініс секілді көрінгенімен, шын мәнінде, осы кеңістікке табаны тиген жанның жадында өшпестей із қалдырады. Сергек, ширақ, іскер моңғол жұрты өзгеден одағай табиғи және мәдени байлықты ұқсата білді, Моңғолияны бүгінде экзотиканы аңсаған туристердің табан тірейтін мекендерінің біріне айналдырып үлгерді.

Ел басшылығы туризмді ұлттық экономиканың маңызды бір тірегіне айналдырып өоаймай, оның дамтыуға айрықша мән беруде. Табиғи-экологиялық туризм, этнографиялық сапарлар, көшпелі мәдениетті арқау еткен фестивальдер – Моңғолияның халықаралық туристік брендіне айналып жатыр. ЮНЕСКО мұралар тізімі толыға түсуде.
Жалпы, бұл елде қыс мезгілінде бүркітшілік өнеріне арналған оншақты фестиваль ұйымдастырылады. Соның басым бөлігі қазақтар қоныстанған батыс өңірлердің үлесіне тиеді. Бұл да кездейсоқтық емес: ұмыт бола бастаған өнердің шырағын өшірмей алып қалған – сол өлкедегі қазақ қауымы.
Моңғолияның туристік ұйымдары блогерлер мен шетелдік саяхатшыларды тартудың бір ұтымды жолы ретінде құсбегілік фестивалін әдейі Ұланбатыр қадасында өткізіп келеді. Туристерге қолайлы болуы үшін фестиваль халықаралық Шыңғыс хан әуежайына жақын орналасқан «Шыңғыс хан күрені» деп аталатын туристік кешенде өтеді. Биыл осы фестивальге бару бізге де бұйырды.
Ұланбатырда аталмыш фестивальді жылына екі мәрте өткізу дәстүрі қалыптасқан. Бірі – аңшылық маусым басталар тұстағы «Бауашар» кезеңінде, екіншісі – аңшылық маусымы аяқталар шақта, яғни Наурыз айының алғашқы аптасының сенбі-жексенбі күндері. Бұл шаралар халықаралық туристердің айрықша қызығушылығын тудырып, елге келетін қонақтардың маңызды бағыттарына жол сілтейді ...

«Бүргэдийн наадам - Бүркіт той» деп аталатын халықаралық фестиваль, әрі спорттық жарыс емес, әрі көшпелі мәдениеттің терең қабаттарын қайта оятып, оны әлемге паш етуге құлшыныс, қысқасы айтулы мәдени шара. Биылғы фестиваль аясында 2023 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Ресей сияқты бес мемлекет құрған Халықаралық Құсбегілер федерациясының кезекті біріншілігі өтті.
Етене ынтымақтастық
Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыс тың серпінмен қарыштауда. Саяси, мәдени, экономикалық салаларда байқалған ілгерілеу – ресми баяндамалардағы жылтыр сөз ғана емес, екі ел арасындағы шынайы қатынастың нақты көрінісі. Соның бір айқын дәлелі – Қазақстанның ірі қалаларымен тікелей әуе қатынастарының қайта жолға қойылуы.
Бір кезеңдерде екі ел арасындағы әуе байланысы үзіліп қалған еді. Бірақ уақыт бәрін өзгертеді. Қазір Моңғолияның жеке авиакомпанияларының бірі – «Hunnu Air» («Ғұн Эйр») Алматы бағытына аптасына бірнеше мәрте тұрақты рейс ұйымдастырып отыр. Алдағы уақытта бұл бағыт Астанаға да бағытталады деген жоспар да айтылуда.

Біз де сол рейстердің бірімен Ұланбатырға жол тарттық. Салон толы ұшақта Қазақстанның құсбегілер қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан бастамашы болған Халықаралық құсбегілер ұйымының жетекшілері һәм Қырғызстандық құсбегілер болды. Құсбегілер өздерімен бірге қырандарын да ала келген. Қазақстанның Атырау, Көкшетау және Семей аймағынан келген саятшылар қырандарын ала барды. Ұшақ ішінде қыран құстың айбыны сезіліп тұрғандай еді. Қар жамылған ұлан-ғайыр дала үстімен күншығысқа қарай жүйткіген шағын ұшақ үш жарым сағаттан соң Моңғолия астанасына келіп қонды. Бұл – жай сапар емес, көшпелі мәдениеттің көне өнерін дәріптеуге бағытталған рухани сапар екенін ұғындық.
Әуежайындағы қарсы алу
Ұйымдастырушылар Ұланбатыр әуежайында Қазақстан мен Қырғызстаннан келген қонақтарды ерекше салтанатпен қарсы алды. Дәстүрлі киінген қыз-келіншектер моңғол этикетіне сай қос қолдап көгілдір жібек - «хадак» ұстап, күміс зереншемен қымыз бен ақ тағам ұсынып, ілтипат білдірді.
Қыздардың бастарындағы «бока» деп аталатын сәнді бас киім бірден назар аудартты. Бұл – Марко Поло өз жазбаларында сипаттаған хан сарайындағы әйелдердің сән-салтанатын білдіретін ерекше бас киім. Пішіні жағынан қазақтың сәукелесіне ұқсайды. Көне дәуірдің сәні мен бүгінгі күннің салтанаты бір сәтте тоғысқандай әсер қалдырды.

«Шыңғысхан күрені»: көне ұғымның жаңа кейпі
Фестиваль өтетін негізгі орын – Ұланбатыр маңындағы «Шыңғысхан күрені» атты туристік кешен. «Күрен» сөзі моңғолдың дәстүрлі көшпелі әскери-саяси ұғымында уақытша қоныс дегенге саяды, қазақша баламасы – алқа-қотан. Бұл – жорық үстінде немесе көш кезінде уақытша құрылатын қоныс, бір жағынан, уақытша қала іспетті құрылым. Ертеде оның ортасында әйелдер, балалар мен қарттар орналасса, сыртқы шеңберінде жауынгерлер күзетіп тұратын, ал хан ордасы мен сарайлар бір қапталда орнығатын.
Бүгінгі кешен де сол тарихи үлгіні жаңғыртқандай. Бірнеше киіз үй пішіндес ғимараттардың әрқайсысы бір қонақ үй бөлмесі санатында, ірі ордалары мейрамхана немесе сауықхана. Қонақ бөлмелер ішіндегі екі-үш төсек, шағын үстел мен орындықтар жайлылыққа жасақталған. Ал кешеннің ең үлкен ғимараты – көшпелілердің ордасын елестететін алып үй. Оның ішкі кеңістігі екі деңгейлі (ярусты): төменгі қабат – ас ішуге, жоғарғы бөлігі – түрлі салтанатты басқосуларға арналған.

«Шыңғысхан күрені» макеті.
Бір қарағанда бұл үйлер моңғол киіз үйіне ұқсағанымен, кейбір бөлшектері қазақ үйін де еске салады. Уық пен керегенің түйіскен тұсының доғалдана көтерілуі, шаңырақ конус тәріздене көтеріліп, айналасына әйнек терезе орнатылуы – ішке жарық мол түсіріп, кеңістікті нұрландырып тұр.
Едендері арнайы жүйемен жылытылады. Қыстың үскірік күндерінде қажет болса, үй ортасына пеш те қойылады. Дегенмен кешеннің басты ерекшелігі – оның сервистік жүйесінің әдейі көшпелі мәдениетке жақындатылып жасалуы. Сондықтан бөлмелердің ішінде жуынатын бөлмелер мен душ бір шеттегі алаңқайда.
Тарихи шынайылыққа сүйеніп салынған бұл кешен 2016 жылы Азия-Еуропа саяси көшбасшыларының бейресми басқосуы – ASEM-нің 11-саммиті қарсаңында бой көтерген. 51 ел мен екі халықаралық ұйым өкілдері қатысқан сол үлкен жиыннан кейін «Шыңғыс хан күрені» елдің ең көрікті туристік нысандарының біріне айналды. Киіз үйлерден тұратын ордалардың бірінің қапталына сол шараға қатысқан Еуропа елдері басшыларының, екінші қапталына Азия елдері көшбасшыларының портреттері ілінген.
Жарысқа дайындық және алғашқы әсер
Ертеңгісін таң қылаң бере сыртқа шыққанда айналаны аппақ қар жапқан тыныш дала қарсы алды. Кешен тау етегінде екен. Сол таудың етегіндегі көзге шалынып тұрған алып мүсін бар: қолын көкке көтерген тұлға – Шыңғысхан бейнесі. Көптен таныс тарихи образ осы дала кеңістігімен астасқан, өзгеше.
Фестивальдің бірінші күні қатысушылар өз дайындықтарын пысықтап жатты. Биылғы сайысқа әр елден бүркітшілер жиналыпты: Испаниядан үш, Қырғызстаннан екі, Қазақстаннан үш, Ресейден бірнеше қатысушы келген. Баян-Өлгийден 20 бүркітші, Сэлэнгэ, Төв аймақтарынан бірнеше бүркітші, тіпті сұңқаршы қызбала да келіпті.

Испандық Виктор Мартин, Эндрих Флейха, Луис Гихара жарысқа дайындалуда
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Еуропа мен Азияның бірнеше елдерінен келеміз деген бүркітшілер соңғы сәтте түрлі себептермен айынып қалған, себеп – халықаралық жағдайдың кенеттен туындатқан ахуалы. Бұл туралы Ұланбатыр қалалық мәдениет және туризм департаментінің жетекшісі Сайндорж Туул ханым өкініш білдіре айтты. Соған қарамастан, алдағы екі күндік фестивальдің тынысы өзгеше бөлек болды. Даланың салқын ауасы, қыран құстың қанат қағысы, көшпелі мәдениеттің көне сарыны – бәрі бірігіп, мерекені тірі тарихқа айналдырып тұрғандай.
Қазақтың төлмұрасы
Бүркітшілік – түркі-моңғол халықтарына ортақ ежелгі аңшылық дәстүр. Бірақ уақыт өте келе моңғолиядар арасында бұл өнер әлсіреп, көмескі тартқан, дәліріегі буддизмнің таралуы мен аңшылыққа қатысты түрлі шектеулер оның біртіндеп ұмыт болуына бастаған.
Ал елдің батысындағы Баян-Өлгей аймағында қазақтар бұл дәстүрді жоғалтпай, төлтума күйде сақтап қалды. Бізді қарсы алған Моңғолия Бүркітшілер Федерациясының төрағасы Медеухан Сайполдаұлы осы дәстүрдің жаңғыру жолын тебірене әңгімеледі:
«Ширек ғасырлық ғұмырымды қазақ мәдениетіне әлем туристерінің назарын аударуға арнадым. Сол құлшынысым зая кетпеген сияқты. Осыдан тура жиырма жеті жыл бұрын айтулы саясаткер, кәнігі дипломат Сайран Қадырұлының қолдауымен тұрақты түрде өткізілетін, мәнін жоғалтпайтын мәдени фестиваль ұйымдастыруды қолға алған едік. Оның арқауы басқа емес, қазақтың төл мәдениеті – құсбегілік болды.
Сол кезде фестивализация үдерісіне лайық келетін осы бүркітшілік деп таныдық. Оны халықаралық деңгейге көтеруді мақсат еттік. Бұл істің басында туған ағам Қазбек, белгілі ғалым Еділхан Қонайұлы тұрды. Олар бақилық болса да, кейінгі буын өкілдері Айбек Қазбекұлы мен Досжан Еділханұлы осы ауқымды істің жүгін арқалап жүр. Бүгінде бұл шара Моңғолия туризмінің маңызды символдарының біріне айналып үлгерді», – деді ағынан жарылып. Оның сөзінен айқын сезілген жайт – бұл іске кездейсоқтық емес, ұзақ жылдар бойғы табандылық пен жүйеліліктің жемісі болғаны.
Баян-Өлгийден ат арысытып келген жиырма бүркітшінің қатарында, әсіресе Сағсай, Тұлға ауылынан келгендер басым, Себебі бұл әкмішлік бірлігінде басым бірнеше ру арасында ежелден құсбегілік дәстүрі берік қалыптасқан. Өнерге бейім жандар синкреттік сипатын арттырып, басқа салаға де басымдық беретін үрдісі сақталатын заңдылық бойынша, сағсайлықтар арасындағы Төлеу руы домбыра тартудың өзіндік мектебін қалыптастырғандығыны бағалаған қауым оларды «Сары қалақшаның ауылы» атап кеткен. Бұл әдлемдік этномузыка зерттеу саласына енген (ғалым Саида Дәукеева зерттеген). Ал, тұлбалық Шыбарайғыр, Ботақара руы бүркітшілікке қоса, сыбызғы тартуды бөлекше жолға қойған (оған қоса жаппай насыбай салатын, «Шақшалылар ауылы» атағы бар). Осы өңірден әлемг әйгілі Құмақай, Кәлек, Тотай және т.б. сыбызғышылар шыққан.
Бүркітін қолына қондырған бүгінгі ұрпақ өкілдері аталған өнерден қаражаяу емес екендігі анық.

Ежелгі достар (оң жақта) және кәнігі информаторлармен қауышқан зерттеуші, професссор Т.Е. Қартаева (сол жақта)
Жарыстың бірінші күні
Қыран құстың айбынды көрінісін тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Қазақстан мен Қырғызстаннан барған құсбегілер мен ұйымдастырушылардың өзі бұған таңданысын жасыра алмады. «Бізде мұндай шара қала ішінде өтсе, осыншама халық жиналуы екіталай», – деп қалды. Ал моңғол жұрты үшін бұл мереке – өзінің мәдени тамырына деген құрметтің көрінісі іспетті әрі табиғатпен тіл табысу арнасы іспетті.

Қазақстандық сайыскерлер
Фестивальге кіру ақылы болғанымен, жұрттың қызығушылығы бәсеңдемеген екен (бұл елде клкссикалық нарық тетіктері қызмет етеді, айталық мемлекеттік тапсырысыпен кітап шығарып тегін үлестіру деген де атымен жоқ!). Билет құны біздің ақшамен екі мың теңгеден асса да, жұрт қыстың суығына қарамастан отбасымен, балаларымен, достарымен келіп, қыран құстың салтанатын тамашалауға ағылды. Бұл көшпелі өркениеттің рухы уақыт пен кеңістікке бағынбай, бүгінге дейін үзілмей жеткенін аңғартқандай еді.
Фестивальдің басты оқиғасы – бүркіт сайысы. Таудың қырқасында тұрған бүркітші қыран құсын көкке жібереді. Ал төменде ат үстінде отырған иесі қыранды қолға шақырады. Бұл жарыс ережесі Қазақстандағы бүркіт сайыстарынан біршама өзгеше: мұнда қыранды бүркітші ат үстінде отырып шақырады. Әрі, олар көрермендерді беттеп ұшуы қажет. Қазақстаннан алып барған бүркіт үшін де, бүркітші үшін де бұл тосын, әрі одағай болғаны жарыс нәтижесіне әсер етпес деп осы бапкер Арманбек Күнтуғанұлы қынжылыс білдірді. Дегенмен, қайратына ақылы сай жаратылыс қыран бұл тосын оқшаулықты оңай еңсеріп, тез көндігіп кетті.
Жарыстың келесі кезеңі – шырға тарту. Атты адам түлкі терісінен жасалған шырғаны сүйретіп шауып өтеді. Қыран сол олжаға шүйлігіп, дәл ұстап алуы тиіс.
Жарыстың әділ өтуін халықаралық бүркітшілер қауымдастығы мен Қазақстан бүркітшілер ассоциациясының мамандары қадағалап отырды. Олардың қатарында Данияр Нарбек, Бағдад Мүптекеқызы, Бегжан Қазбекұлы, Досжан Еділханұлы болды.

Жарыс төрешілері
Қатысушылар арасында бапкер Арманбек Күнтуғанұлы бастап келген Атырау, Көкшетау және Семей өңірлерінен жиналған мініскер бүркітшілер – Арман Қошқаров, Ерлан Кенжетаев, Байқадамұлы Ерзат бар еді. Қырғызстаннан келген екі құсбегі – Нұрбек Молдакунов пен Марат та, Испаниядан келеген бүркітшілер Виктор Мартин, Эндрих Флейха, Луис Гихара, Ресейлік қазақ бір бүркітші осы додада бақ сынады.
Бұл жолғы жарыста әлемге танылған мініскер бүркітші Жеңісбек Серікұлы бірінші орынды жеңіп алды. Оның есімі халықаралық басылымдарда, соның ішінде New York Times газетінде де аталған. Екінші орын Абай облысынан «Заңғар» есімді бүркітімен барған бүркітші Байқадамұлы Ерзатқа бұйырды. Үшінші орынды жетпістің желкеніне мінген кәнігі құсбегі Қайзим Бүркітханұлы иеленді.
Этноспорт додасы
Фестиваль тек бүркіт жарысымен шектелмейді. Мұнда көшпелі мәдениеттің басқа да спорт түрлері көрсетіледі. Соның ішінде теңге ілу мен көкпар секілді ойындар жұрт назарын ерекше аударды. Көкпар жарысында Қобда өңірінен келген Жәнібек пен Хэнтий аймағынан келген моңғол жігіті Кентейхан ерекше көзге түсті. Дегенмен тәжірибелі шабандоз Жеңісбек бұл жарыста да өзінің шеберлігімен айласын асырды.
Ат үстінен теңге ілуде моңғол бүркітшісі Эрдэнэжаргыл Батбилэгтің жұлдызы жанды.

Тартысты өткен көкпар додасынан көріністер
Тазы мен төбет — дала өркениетінің басқа белгісі
Көшпелі мәдениетті байланыстыратын тағы бір маңызды сала — аңшылық иттері. Қазақтардағы тазы мен төбет, ал моңғолдардағы банхар мен тайға иттері көшпелі тұрмыстың ежелгі серігі саналады.
Моңғол банхары ақылдығымен, төзімділігімен және ерекше қайсарлығымен танымал. Бұл тұқым да ғасырлар бойы малшылар мен аңшылардың сенімді көмекшісі болып келген.
Фестиваль кезінде Азияда өткен халықаралық ит байқауында бас жүлде алған банхар Дэмүүл атты төбеттің иесі Тошоо Түвшинтөр атты азаматпен сырласып, кәсиби пікірін белгілеп алдық.

|
Азия біріншілігінің жеңімпазы – Дэмүүл |
Моңғол банхар төбетін өсірушілер
|
Сонымен бірге әңгіме тағы Кіндік Азиядағы ең көне аңшылық иттердің бірі —тайға жайында әңгіме Ганбаатар Пүрэвдорж атты жас маманмен өрбіді. ХХ ғасырдың ортасына дейін бұл ит Моңғолияның көптеген өңірінде кездескен. Алайда 1980-жылдарға қарай оның саны күрт азайып кеткен. Дегенмен, Шыңғыс ханның туған жері саналатын Хэнтий өңірінде жақсы сақталған. Моңғолиядағы тайға тұқымының шамамен 80 пайызы дәл осы өңірде сақталған. Мұнда табиғатты қорғау ерекше, тіпті кейбір қасиетті қорық аймақтарына адам да, мал да аяқ баспайды.
Соңғы жылдары халықаралық зерттеушілер Шыңғыс ханның жерленген орны болуы мүмкін деген төбелерді археологиялық тұрғыдан зерттеуге қызығушылық танытқанымен, Моңғолия Парламенті рұқсат бермеген.
Бұл туралы зерттеу жүргізіп жүрген профессор Тәттігүл Ерсайынқызы да бірқатар маңызды мәліметтер жинауға мүмкіндік алғанын айтты. Әсіресе оның әріптесі Чинзориг Ұланбатыр маңындағы питомниктерден банөыр мен тайғаларды фестивал өткен жерге алдырып, олардың иелерімен еркін әңгіме өрбітуге жағдай жасағаны үлкен қолдау болды. Кинологтар ит тұшқымдары туралы туралы ерекше ықыласпен баяндады, көшпелі мәдениеттің бұл саласына деген сұраныс толастамағанын, жүйрік баптаудан қанаттаса дамып отырғанын тілге тиек етті.
Осы кездесулердің бәрі бір нәрсені анық аңғартты: дала мәдениеті тек өткеннің мұрасы емес, ол бүгінгі күнде де өмір сүріп жатқан тірі өркениет.
Ілтипат және құрмет
Сол кеште Ұланбатыр қалалық туризм департаменті ұйымдастырған салтанатты қабылдау мен марапаттау рәсімі өтті. Жиында сөз сөйлеген департамент бастығы Д.Батсүх бүркіт фестивалін көшпелі мәдениеттің ең жарқын көріністерінің бірі деп бағалады. Оның айтуынша, Моңғолияда бұл өнер тарихи кезеңдерде түрлі діни-идеологиялық ықпалдардың салдарынан көмескі тартқанымен, елдің батысындағы қазақ қауымының арқасында қайта жаңғырып, бүгінде халықаралық деңгейде танылып отыр.«Қазақ ағайындардың, әсіресе Баян-Өлгей өңіріндегі саятшылардың еңбегі арқасында бүркітшілік өнер қайта жанданып, әлемнің назарын аударды. Бүгінде бұл фестиваль Моңғолиядағы экзотикалық туризмнің ең тартымды бағыттарының біріне айналды», – деді Д.Батсүх мырза.
Салтанатты рәсім барысында Халықаралық құсбегілер федерациясының президенті Берік Уәлидің жолдаған алғысхаттары шараны ұйымдастырушы моңғолиялық бірнеше маманға табысталды. Моңғол Саятшылар қауымдастығы тарапынан тарту етілген қыран бейнеленген мүсінді қазақстандық әріптестерге табыс етті. Бұл сыйлықты Қазақ Құсбегілер федерациясының вице-президенті Бағдад Мүптекеқызы қабылдап алды.

Моңғол Саятшылар қауымдастығының жетекшілерінің сыйы – қыран мүсіні. Сол жақтағы фотода астаналық туризм департаментінің директоры Д.Батсүх пен қазақстандық бас бапкер Базарбек Күнтуғанұлы
Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Базарбек Күнтуғанұлы Баян-Өлгейден келген ақсақал бүркітшілерге - Қайзим, Өркен, Башахан, Далайхандарға алғысхат табыстады.
Сонымен бірге Испаниядан Мадрид пен Барселонадан келген қонақтар мен Қырғызстаннан, Қырғызстаннан келіп қатысқан әріптестерге Моңғолия қазақтарының Бүркітшілер қауымдастығының 25 жылдық мерейтойлық медалін қауымдастық төрағасы Медеухан мырза табысталды.
Бүркіті алғыр, мініскер болсын деген нышанмен ұйымдастырушы тарап Қазақстан құрамасының аға бапкері Арман Күнтуғанұлына өрме қайыс арқан, шыжым баумен қоса табыстауы өткен пен бүгіннің арасын жалғап тұрған тін іспетті көрінді
Өнер мен серілік
Бүркітшілер – тек аңшылар емес, олар – көшпелі мәдениеттің мәйегін, тіпті серілік дәстүрдің жұқанасын сақтаған жандар.Бұл кеште бір нәрсе анық сезілді: қыран құсты қолға үйретіп, оның тегеурінді табиғатын иліктіре білген бұл адамдар тек қайсарлықтың ғана емес, өнердің де иелері. Олардың көбі әнге де, күйге де, жырға да бейім. Бірі домбыра шертіп ән салады, бірі көне жыр айтады, енді бірі ұлттық би орындап, ортаны шырайландырады. Тек «Аңшының әні» шырқалуы өгейлеп тұрғандай болды.
Дегенмен бүркітшілердің айтқан әзілі мен әңгімесінің өзінен терең мәдениет байқалады. Ұшқыр, бірақ нәзік қалжыңы бар сөздері тыңдаушының жан түкпіріне жетіп, көшпелі дүниетанымның кеңдігін аңғартады.
Сол сәтте айқын аңғарылған нәрсе мынау еді: бүркітшілік – жай ғана аңшылық өнер емес. Ол – еркін даланың рухын сақтаған, серілік пен өнерді қатар алып жүрген ерекше мәдени құбылыс. Осы өнерді бүгінге жеткізіп, әлемге танытып жүрген азаматтар – көшпелі өркениеттің шынайы мұрагерлері.
Фестиваль сахнасындағы өнер
Бұл жолғы бүркіт фестивалінде тағы бір ерекше көрініс болды. Моңғолия теледидарының танымал тұлғаларының бірі – белгілі тележүргізуші әрі медиа жетекші Ган-Эрдэнэ шараға арнайы келіп, қазақ дәстүріне құрмет білдірді, шараны жүргізді және тікелей репортаж жасады. Сонау қарт Каспийден, Атырау өңірінің өкілі Арман Қошқаровтан алған сұқбатында құсбегіліктің өміршеңдік тетігін ашуға құлшынғаны байқалды. Бүркіт фестивалін бесінші мәрте үзбей жүргізіп келе жатқан Ган-Эрдэнэ келер жылы фестивальге қазақтың ұлттық киімін киіп қатысатынын уәде етті.
Фестивальдің мәдени бағдарламасы да әсерлі өтті. Арнайы қонақ ретінде қатысқан «Еуразия дауысы» халықаралық фестивалінің бас жүлдегері, моңғолиялық әнші Мишээл сахнада екі ән орындады. Оның алғашқы орындаған әні – әйгілі «Қараторғай». Әншінің дауыс мүмкіндігі мен орындау шеберлігі жұртты сүйсіндірді. Қазақ тіліндегі таза айтылымы да көпшіліктің көңілінен шықты.Екінші орындаған әні – авторлық шығарма, ол да қазақ тілінде шырқалды. Ән аяқталған соң көрермендер сахнаға ұмтылып, әншімен естелік суретке түсуге асықты.
Әскери ансамбль бишелері және «Алтын ұя»
Фестиваль сахнасында моңғол әскери ән-би ансамблі де өнер көрсетті. Ұжым құрамында Баян-Өлгейден шыққан өнерпаз жігіт, Баян-Өлгийдегі қазақ театрында еңбек еткен өнер майталманы, Моңғолдың белгілі балетмейстері Самжид ақсақалдың ұлы Алтансэлэм бар екен. Ол қойған авторлық туындылардың бірі – «Алтын ұя» атты би композициясы. Бұл қойылымда бүркіттің ақүрпек балапанынан қанаттанып, қыранға айналғанға дейінгі бейнесі көркем түрде сомдалды. Фестивальге келген мәдениет мамандары бұл қойылымды жоғары бағалап, оны шынайы көркем туынды деп атады. Көшпелілердегі адам-қоғам-табиғат үштігінің етене байланысын індете зерттеп жүрген әл-Фараби ат. ҚазМҰУ-дің зерттеуші-профессоры Тәттігүл Ерсайынқызы бұл бидің қыран құстың қозғалысын, қанат қағысын, еркін самғауын әсерлі жеткізгенін, өз зерттеулеріндегі ғылыми түйіннің биде шынайы көрінісі тапқанына разы болды.

Тамаша биді қойған - баян-өлгийдің тумасы Алтансэлэм Самжидұлы
Бұл басқосуда қазақ жастары ән айтып, домбыра тартып, ұлттық өнердің тамаша үлгілерін көрсетті. Әсіресе Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі орындалғанда жұрт ерекше тебіренді.
Ұланбатырдағы жерлестер алқасы
Ұланбатырда тұратын қазақ жастары да фестивальге белсенді қатысты. Түрлі ұйымдастырушылық жұмыстарға көмектескен Жерлестер алқасы мен оның жетекшісі Айдос Әбілдан қонақтарға арнайы дастарқан жайып, ілтипат көрсетті.
Мұнда фестиваль сахнасында өнер көрсеткен өрендермен етене танысудың сәті түсті. Балақандар Ұланбатыр қаласындағы өнерді насихаттайтын бірнеше үйірмеден тәлім алған мектеп оқушылары екен. Атажұртта жырақтан жүрген қазақ балаларының өз мәдениетін ұмытпай, мақтанышпен жалғастырып келе жатқаны көңіл тоғайтты. Менің есіме осыдан 36 жыл бұрын Ұланбатырда алғаш өткен Наурыз мейрамы, сол шараны ұйымдастыруға барын салған Дәней, Сәтей, Сандығаш сияқты бақилық болған аяулы ағаларымыздың бейнесі келді ...
Қайрат есімді кәсіпкер азамат фестиваль кезінде ауыз бекіткен мұсылман қауымына арнайы ауызашар дастарханы да ұйымдастырылды. Бұл — алыста жүрген ағайындардың бір-біріне деген құрметінің, ортақ рухани байланысының белгісіндей әсер қалдырды.
Бір қызығы, бұл ортада тек қазақ балалары ғана емес, моңғол жастары да қазақ өнерін үйреніп жүргені байқалды. Мұның өзі мәдениеттердің табиғи ықпалдастығының көрінісі еді.
«Бүркіт тойының» халықаралық беделі және рухани әсері
Фестивальге алыс-жақыннан келген туристер, дипломаттар, туризм саласының мамандары бұл шараға жоғары баға беріп, оның көшпелі өркениетті жаңғыртудағы маңызын ерекше атап өтті (өкінішке орай, шараға қатысқан Ұланбатырдағы шетелдік дипломат корпус өкілдері қатарында Қазақстандық дипломаттардың бой көрсетпеуі біртүрлі сезілді). Әсіресе туристік маусым енді басталар шақта ұйымдастырылған бұл фестиваль Моңғолияның мәдени туризмін ілгерілететін маңызды алаңға айналып отыр.
Фестиваль аяқталған күннің ертеңінде Моңғолия туристік қауымдастығының мүшелері Үкімет үйінде жылдық қорытынды сессиясын жалғастырғаны да осы саланың ел үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартты. Туризм мәселесіне елдің Премьер-министрінің өзі қатысып, түйінді жайттарды ұзақ талқылағаны – бұл саланың мемлекет экономикасы мен рухани өміріндегі салмағын айқын аңғартады.
Жеті қазына, қыран және ұлттық рух
Қазақ дүниетанымындағы жеті қазынаның бірі – қыран бүркіттен кейін жүйрік тазы мен айбарлы төбет те көшпелі өмірдің сенімді серігі ретінде аталады. Көшпеліліктен қол үзбеген моңғол жұрты бұл дәстүрді де айырықша әспеттейді. Сондықтан саят фестивалі көшпелі халықтың ортақ мәдени мұрасы ретінде қабылданады.
Фестиваль барысында айтылған пікірлердің ішінде ерекше әсер қалдырған ойлардың бірі – бүркітшілік өнерінің қазақ мәдениетіндегі орны туралы болды. Сол жиында Медеухан Сейполдаұлы былай деді:
«Біз қазақ десек, өзгеден ерекше айқындап тұратын мәдени символдарымыздың бірі – бүркіт, қыран құс. Қазақ халқының байрағында да қыран бейнесінің болуы кездейсоқ емес. Бұл – еркіндіктің, биіктіктің, рухтың белгісі. Алайда ол қазақ қоғамында бұл өнердің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын да ашық айтты. Оның пікірінше, этноспорт пен ұлттық мәдениетті әлемдік деңгейде таныту мәселесінде әлі де жүйелі саясат қажет. Жапондар өздерінің сумо күресін, моңғолдар ұлттық күресін, испандар корридасын, бразилиялықтар карнавалын әлемдік брендке айналдырып алды. Ал қазақтар үшін сондай ұлттық брендтің бірі – бүркітшілік болуы анық дүние. Бірақ оны халықаралық деңгейге көтеру үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау мен жүйелі идеология қажет», – деді ол.
Құсбегілікті насихаттауға күш-жігерін арнаған жігітағасының ойынша, «бүркітшілік өнерін дамыту үшін саятшыларға арнайы мемлекеттік мәртебе беру қажет. Ертедегі ханның уәзірі – құсшы сияқты. Қалай бізде халық әртісі, халық жазушысы деген атақтар бар, сол сияқты тәжірибелі саятшыларға да ерекше мәртебелер беру керек. Мысалы, “Кәнігі саятшы”, “Мініскер бүркітші” деген атақтар тағайындалып, республикалық, облыстық деңгейдегі марапаттар жүйесі қалыптасса, бұл ұлттық мәдениеттің беделін арттыра түсер еді», – деді ол.
Расында, мұндай қадамдар қолға алынса, қазақ қоғамындағы тарихи-фольклорлық сананы күшейтіп, көшпелі мәдениеттің маңызды бір қырын жаңғырту арөқылы тілдік құндылық пен мәдени жадты арттыруға ықпал ететіні анық.
Академияилық байланыстар және Шыңғысхан музейі
Сапар барысында Моңғолия Ғылым Академиясының мамандарымен де кездесулерге сәт түсті. Археология, этнология, тарих және алтайтану салаларындағы ғалымдар қазақстандық зерттеушілермен бірлескен жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр. Әсіресе, академиялық Тарих және этнология институтының директоры Лхагвасүрэн Эрдэнэболд иырза Моңғол тарихының 30 томдық академиялық басылымына кіріскендігі және әр томның авторларына сертификат тапсырылғаны айтты.
Сапарымыздың ерекше әсер қалдырған орындарының бірі – аз уақыты ішінде жабдықталып, үлкен абыройға ие болған Шыңғысхан музейі. Ол шынтуайтында көшпелілер тарихын сяньби, ғұн дәуірінен бүгінге дейінгі аралықтағы мемлекеттілік тарихын қамтитын бірегей инситут. Музей директоры, академик Сампилдондов Чулуун бұл мекеме әлі де кеңейіп, жобалар толассыз жалғаса беретіндігін айтты. Әлем елдерінің коллекцияларындағы моңғол тарихы мен мәдениетінің жәдігерлерінің коллекциясы сериясынының бір томы Қазақстандағы моңғол коллекциясы жобасы кезегін күтіп тұр деді.
Музейдің ішкі құрылымы мен экспозициясының ұйымдастырылуы ерекше: заманауи технологиялар берік, витриналардың ішінде арнайы микроклиматтық жүйе түпнұсқа жәдігерлерді сақтауға мүмкіндік береді. Экспозицияларда екі мың жылдық тарихы бар ғұн, түркі, моңғол және Шыңғысхан дәуіріне қатысты көптеген артефактілер қойылған. Олардың жанында ғылыми реконструкциялар да берілген.
Кейбір тарихи көріністер сурет пен макет арқылы бейнеленген. Мысалы, Марко Поло жазбаларында сипатталатын моңғолдардың арба үстіне тігілген үйлермен көшіп жүрген көрінісі ағаштан жасалған шағын мүсіндермен өте дәл берілген. Бұл макеттерде адамдардың бейнесі, мал түліктері, аңшылық иттер мен қыран құстарға дейін айқын көрсетілген.
Музейдің ғылыми дәлдігі мен көркемдік шешімдері халықаралық мамандар тарапынан да жоғары бағаланған. Сондықтан бұл мекеме әлемдегі ең заманауи музейлерінің бірі саналады.
Мұражайдың ең жоғарғы қабатында Алтын Шыңғыс Хан деп аталатын ерекше мүсін орналасқан. Бұл мүсінді жасауға 107 килограмм алтын жұмсалған, оның бір центнері мемлекеттік таңбаны сомдауға, ал қалғаны қоладан сомдалған мүсінді аптауға кеткен. Бір қызығы кезінде коммунистер Шыңғыс ұрпақтарынан тәркілеп алған алтынды балқытып пайдаланған екен. Бұл қастерлі ескерткішті көруге келген жандар мүсін алдына қойылған жайнамаз тәрізді киіз маяузаға тізерлей отырып, адамзхат тарихында ең алып империя құрған (1999 ж америкалық Times журналы сауалнамасы бойынша адамзаттың соңғы мыңжылдық тарихындағы теңдессіз тұлға деп бағалаған) тұлғадан елдің болашағын мен рух-жігерін желеп-жебеуін сұрап тәу етеді екен.
Қазақ мәдениетіне зор ден қойып, зерттеп жүрген жас ғалдым Гонгоржавпен етене таныстығымызға оның фестьивалге әкеліп тіккен қазақ үйі себеп болды. Аңдасақ, ол қазақ-моңғол мәдени байланыстарын зерттеу үшін қазақтар арасына барып, бір жыл тұрып, қазақша әжептәуір үйреніп алған, тіпті киіз үй сатып алып, сонда тұрып зерттеу жүргізген екен. Бұрындар академиялық институтта қызмет еткен жігіт қазір Шыңғысхан мұражайының білікті маманы, жуық арада диссертациялық жұмысын қорғамақ ісіне сәттілік тіледік.
Қаладан аулақта орналасқан «Шыңғыс хан» Цоонжинболдог кешенінің жасалуына Моңғолияның бұрынғы президенті Халтмаагийн Баттулға үлкен үлес қосқанын да тағы бір еске алдық. Ол – тек саясаткер емес, өнер мен спортты қолдаған меценат тұлға.
Түйін. Бұл сапар – жай ғана фестивальге қатысу емес еді. Бұл – көшпелі өркениеттің тірі тынысын сезіну. Қыран құстың самғауы, домбыра үні, дала желі, көшпелі рух – бәрі бірігіп, біртұтас мәдени әлемнің келбетін көз алдымызға әкелді. Ең басты берері – ғылыми ынтымақтас орнату, оны әспеттеуді жолға қою, дәстүрлі өнердің төлтума сипатын бойына сіңірген информаторлармен етене пікірлесу,
Шараның серіктес ұйымдастырушысы Медеухан мырзаның айтқан пікірі болашаққа аманат тәрізді естілді: «Қазақ елі өзінің мемлекеттік рәмізіне қыранд
ы қастерлеп енгізсе, енді оны мемлекеттік мәдениет доктринасында да көрнекті орынға қоюы керек деп санаймын. Құсбегілікті этноспорт саласына енгізіп, жан-жақты қолдау жеткіліксіз, оны мемлекеттік деңгейде әспеттеу керек. Жапондар сумоны, бразилиялықтар карнавалды, испандар корриданы, мажарлар Құрылтайды, арабтар сұңқаршылықты қалай дәріптесе, қазақ қыран мен жылқыны солай әлемдік деңгейде ұлттық бренд ретінде орнықтыруы керек», – деді ол.
Біз де бұған алып-қосар уәж көрмейміз. Бұл – жалаң ұран емес, ұлттық сана мен мәдени жадтың жаңғыруына серпін беретін байыпты ұсыныс.
Бүркіт той – жай мереке емес. Ол – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Ал сол көпірдің үстінде еркін аспанға қалықтаған қыран құс көшпелі әлемнің мәңгілік символы болып қала береді.
Хатқа түсірген Бабақұмар ХИНАЯТ