Маңғыстау облысындағы Басқұдық ауылының тұрғындары 20 жылдан бері лай балшықтан көз ашпай келе жатқандарын айтады. Cәл қар мен жаңбыр жауса болды, көше ми батпаққа айналады дейді тұрғындар. Соның салдарынан жұрт жұмысына, оқушылар мектебіне балшыққа батып әрең жететін көрінеді, деп хабарлайды Aristocrat.biz КТК арнасына сілтеме жасап.
10 жылдан бері жол мәселесін айта-айта жағы талған жұрттың бүгінгі үміті үзілуге таяған. Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылында 40 мыңнан аса адам тұрады. Бәрінің тілегі бір. Ауыл көшелеріне асфальт төселсе дейді. Себебі, мектепке мұнтаздай қылып жіберген балаларымыз кешкісін балшыққа батып келеді дейді тұрғындар.
Тасты төсегеннен кейін грейдермен қырады. Одан кейін оны катокпен жүреді, міне асфальт төсейміз деп. 20 жылдан бері алдап келе жатыр жыл сайын. Мына көше уже көтеріліп болды. Жаңбыр жауса, судың бәрі үйге кетеді. Шыны сол біздерде. Мына көшенің сиқын көрдіңіздер ғой. Мына балотада мектеп жасындағы нулевой, бірінші класс оқитын балалар жүре алмайды. Құлап-құлап келеді. Үстері балшық-балшық, – ауыл тұрғыны Зәуреш Сатқанбаева.
Қала берді қалаға жұмысқа қатынайтын тұрғындардың көлігі де осы қара балшыққа жиі батып, әлекке салады екен. Халық бұл мәселені бақандай жиырма жылдан бері көтеріп келе жатсақ та, еш нәтиже болмады деп отыр. Былтыр ауыл әкімдігі 40 миллион теңгеге осы мәселенің алдын алу үшін көшелерге сазды топырақ төгіпті. Содан баяғы балшықтың қалыңдығы да, халықтың соры да екі еселенген.
Сметалық құжат дайындалуда, ақша бөлінсе істейміз деп жыл сайын айтады. Осы жолға, міне мынаған қырық миллион теңге кетті. Қырық миллион теңгеге бір мекеме келіп, саз балшықты төгіп-төгіп кетті. Оны әкимат қабылдап алды қол қойып. Ақшаны аударып жіберді. Ақшаны алып кетті. Енді мына балшықты халық шулады, мына балшық аяққа жабысып қалып жатыр ғой, бәтеңкеге деп. Келді де балшығын қырып алып кетті. 40 миллионды тағы алып кетті. Сонымен халық мынандай күй кешіп жатыр дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Қарамырза.
Ауыл әкімдігі былтыр мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынып, биыл 309 млн теңгеге ауыл көшелеріне 6 шақырым жол төселгелі жатқанын алға тартты. Шенеуніктердің сөзінше, ауданның басқа елдімекендеріне қарағанда Басқұдық ауылы бас жоспарсыз салыныпты. Себебі, бұл ауыл алғашында саяжай ретінде құрылған екен.
Басқұдық ауылдық округы бойынша 110 көше бар. Соның қазіргі таңда 30 көшесінде ғана асфальт бар. Қалған көшесінде жоба жасақталып жатыр. Жалпы облыстың даму жоспарына барлық көшелер енгізілді. Басқа ауылдарға қарағанда бас жоспарсыз құрылған ауыл Басқұдық. Кезінде саяжай ретінде құрылған ауыл. Осы уақытқа дейін асфальттың шешімін таппаған себебі мемлекеттік сападан қорытындысы өткен жоқ. Оң нәтиже берген жоқ. Себебі көшеміз ондай кең емес бізде. Өзінің стандартына сай келген жоқ осы уақытқа дейін дейді Басқұдық ауылдық округі әкімінің орынбасары Айбек Жаңгелдіұлы.