Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы тұрғынға үкім шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына "Нұрай" деген атпен тіркеліп, өзінің Telegram-аккаунтына сілтеме қалдырған, деп хабарлайды Aristocrat.biz
Алаяқ Telegram-да бейтаныс қыздың фотосын қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған.
Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам қаржысын аударған.
“Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды. Қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді”, – делінген хабарламада.
Мамандар виртуалды "таныстардың" арбауына түспеуге және сақ болуға шақырды.