Сенат кулуарында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова қазақстандық әншілер мен музыкалық продюсерлердің шығармаларының интернеттегі тыңдалу көрсеткіштері туралы мәлімет айтты,, деп хабарлайды Aristocrat.biz. .
Вице-министрдің айтуынша, қазір қазақстандық орындаушылардың бірқатары әлемдік стримингтік платформаларда миллиондаған, тіпті миллиардтаған тыңдалым жинап отыр.
Мысалы, “Ирина Кайратовна” тобының “5000” атты әні тек Spotify-дің өзінде шамамен 17,5 миллион рет тыңдалған. Ал Димаш Құдайбергеннің “S.O.S. d'un terrien en détresse" әні 22 миллион рет тыңдалған, – деді Жақселекова.
Ол сондай-ақ қазіргі таңда ең көп тыңдалатын қазақстандық орындаушылар қатарында Нұрғиса Келінқожа (лақап аты LXNGVX), Нұрбек Мысиев (Eternxlkz) және Иманбек Зейкенов (Imanbek) бар екенін атап өтті.
Бұл орындаушылардың тыңдалым саны өте жоғары. Мәселен, Нұрғиса Келінқожаның әндері жылына шамамен 1 миллиард рет, Нұрбек Мысиевтің әндері 720 миллион рет, ал Иманбектің туындылары 4 миллиардтан астам рет тыңдалған, – деді вице-министр.
Spotify-дағы үздік ТОП-5:
Ирина Кайратовна – “5000” атты әні 17 550 472 рет;
Димаш Құдайберген - “S.O.S. d'un terrien en détresse" әні 22 653 945 рет;
Sadraddin – “Aiga qarap” әні 4 246 395 рет;
Мирас Жүгінісов – “Шыда” әні 5 291 606 рет;
Moldanazar – “Mahabbatym” әні 4 635 679 рет тыңдалған.
Бұл тізімнің қатарында Akha, Kalifarniya, Dequine, Yenlik сияқты танымал әншілердің туындылары да бар.
Ботагөз Жақселекованың айтуынша, бұл деректер ашық көздерден алынған ресми статистикаға негізделген және Қазақстанда музыкалық индустрияның белсенді дамып келе жатқанын көрсетеді.