Путин Трамптың соғысты тоқтату туралы ультиматумына көнбейді
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтатуды талап етіп, кері жағдайда Ресейге жаңа санкциялар салатынын және оның мұнайын сатып алатын елдерге 100%-дық баж салығын енгізетінін ескерткен. Бірақ Ресей көшбасшысы бұл талапқа көнбей, әскери әрекеттерін жалғастыруға ниетті. Бұл туралы Reuters агенттігі Кремльге жақын дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдеді.
Путиннің басты мақсаты – Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын толық бақылауға алып, содан кейін ғана бейбіт келіссөздер жүргізу. Кремль Трамппен қатынасты нашарлатқысы келмесе де, әскери мақсаттардан бас тартуға дайын емес.
Ресей мен Украина арасында бірнеше рет келіссөздер өткенімен, нақты ілгерілеу жоқ. Мәскеу Киевтен әскерін төрт облыстан шығарып, бейтарап мәртебе қабылдауды талап етеді. Украина бұған үзілді-кесілді қарсы.
Ресей әскері жазғы шабуыл аясында алға жылжып жатыр. Кремль дәл қазір соғысты тоқтату тиімді емес деп санайды. Сарапшылардың пікірінше, Путин бұл соғысқа өз беделі мен саяси мұрасын байлап қойған.
Трамп санкциялармен қорқытқанымен, Ресей оларды айналып өтуде тәжірибе жинаған. Қытай мен Солтүстік Кореядан алынатын құралдар арқылы Кремль соғыс әлеуетін сақтап отыр. АҚШ наурыз айында Ресейге соғысты тоқтату шартын ұсынып, Қырым мен оккупацияланған аймақтарды мойындауға дайын болған, алайда бұл ұсыныс қабылданбады.
Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы жағдайды реттеуге қатысты Ресейге қойған ультиматум мерзімін 10 күнге дейін қысқартып, Мәскеуден ешқандай жауап алмағанын мәлімдеген еді.