Қазақстанда педофилдерді түрмеден босатылғанға дейін кастрациялау ұсынылды
Қазақстанда педофилия үшін сотталған адамдарға химиялық кастрация қолдану тәртібі өзгеруі мүмкін. Жаңа түзетулер сот-психиатриялық сараптамаларды жүргізу тәртібі мен оларды тағайындау мерзіміне қатысты болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес түзеу мекемелерінің әкімшіліктері жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін 12 айдан кешіктірмей сотқа материалдарды жолдауға тиіс. Бұл педофилия диагнозының және зорлық жасауға бейімділіктің бар-жоғын анықтайтын сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау үшін қажет.
Егер сараптама тәуекелдерді растаса, сот босатылуға алты ай қалғанда химиялық кастрацияны тағайындай алады. Бұл шара тек сот шешімімен жүзеге асады және арнайы дәрілерді үнемі егу түрінде жүргізіледі.
Айта кетейік, 2022 жылдан бастап Қазақстанда педофилдерге электронды білезік тағылатынын хабарлаған едік. Ал 2024 жылы депутаттар кәмелетке толмағандарға қарсы сексуалдық қылмыс жасағандарға хирургиялық кастрация қолдану туралы норманы талқылай бастаған.