Forbes сауалнамасына қатысқан кәсіпкерлердің бірқатары АҚШ-тың экс-президенті «бизнестен шыққан адам» деген пікірге тоқталады
Дәстүрлі анонимді сауалнамада біз бұл жолы бизнес «генералдарының» жасанды интеллектінің жеңіс маршына деген пікірінен бастап, елімізде былтыр қабылданған «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға және Ресейді айналып өтетін «орта дәліз» атты көлік жобасына (Каспий арқылы Азиядан Еуропаға) қатысты көзқарасы мен ел ішін сергелдеңге салған су тасқынының себебі туралы сұрадық. Қорытынды сұрақ: «АҚШ-тағы сайлауда Қазақстан үшін кімнің жеңгені ұтымдырақ – Байденнің әлде Трамптың?» дегенге саяды.
Сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің бәрі дерлік ЖИ – тәуекелден гөрі мүмкіндік деген пікірге тоқталады. Олардың 94 %-ы қазір өз бизнесінде ЖИ қолданып жүр не қолдануға шақ отыр. Жобалардың ішінде – байланыс орталығына арналған бот әзірлеу, электронды құжат айналымы мен жаңа қызметкерлерді оқытып, жұмысқа бейімдеу үшін цифрлық ассистенттер және ақпараттық бекеттерге қажет цифрлық кеңесшілер әзірлеу, бизнес мәселелерін шешуде өз деректерін пайдалана отырып, ЖИ оқыту, сондай-ақ нарықта қолжетімді дайын шешімдерді нақты бір мақсатта қолдану секілді бағыттар қамтылған. Медицина, білім, көлік (мысалға, автономды жүргізу жүйелерінде) саласында ЖИ қолдану мүмкіндігі зор деп есептейтіндер де аз емес.
Ал заңсыз иемденіп кеткен активтерді қайтару идеясына респонденттердің басым көпшілігі «оң» және «біршама оң» деген баға береді (70 %-ы). Алайда біразы заңның шикі тұстары да жоқ емес деген пікірде, мысалы, кейбіреуі активтерді адал жолмен сатып алғандар мен үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау тетіктері қарастырылмаған деп отыр. Тағы бірі – активтерді мемлекет меншігіне қайтарумен қатар, оны әрі қарай ел мүддесі үшін дұрыс пайдалануға басымдық беру керек деп есептейді.
Бизнесмендердің бір бөлігі, әзірше бұл заң – оның тиімділігін бағалайтындай деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ деген пікірде. Сол сияқты, бүгінгі қалпында бұл заңның пайдасынан гөрі, зияны көп деп есептейтіндер де бар: «Ол жеке меншік кепілдігіне күмән келтіріп, критерийлер аясын айтарлықтай бұлыңғыр етеді. Оны іс жүзінде жүзеге асыру өте қиын. Тіпті осы заңды қолдана отырып, активтерді қайтару бойынша қандай да бір жұмыс жүргізудің өзі оңай емес, көп жағдайда ол формалды емес, бейресми түрде ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл заң инвестициялық климат үшін тәуекел туғызып отыр деуге болады. Заң қабылдаудағы бастапқы оң ниетке қарамастан, оның шынымен тиімді құрал болып қалатыны екіталай. Бұл арада инвестицияға келер залал – осы заң аясында елге қайтарылатын активтерден де асып түсе ме деген күдік бар».
Респонденттердің пікірінше, заңға тән өзіндік кемшіліктің бірі – оны жазалау мақсатында пайдалану және оны қолданудағы таңдамалы сипат. Мұндай мәселелер комиссия негізінде емес, сот арқылы шешілуі тиіс дейді бизнесмендер. Сондай-ақ олар, заңсыз жолмен иемделіп кеткен активтерді елге қайтаруды бастап, әділеттік орнатудың өзі – осы заңның тартымды тұстарының бірі деп есептейді.
Сауалнамаға қатысқандардың 87 %-ы «орта дәліз» жобасының Қазақстан экономикасына әсерін «оң» деп, 13 %-ы бейтарап деп бағалайды. Басым көпшілігі бұл жоба жоспарланған ауқымды дұрыс игеріп, Қазақстан логистикалық хаб деңгейіне шыға алады деген пікірде. Әрбір бесінші респондент – жеткізулер тізбегінде жергілікті бизнес те өз орнын таба алады десе, әрбір алтыншы респондент – жоба елімізді дамытып, Ресейге деген тәуелділікті азайтады деп есептейді. Жоба басқа да сыртқы ойыншыларға деген тәуелділікті арттырады дейтіндер бар, бірақ олар бұл арадан қауіп-қатер байқап отырған жоқ. Респонденттердің пікірінше, Транскаспий бағыты инфрақұрылымды барынша жақсартып, еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға көмектеседі, бірақ ол баршаға бірдей мүмкіндік бергені маңызды.