Steam.kz басшысының айтуынша, балаларды ерте жастан түрлі жобалық жұмыстарға баулып, үйреткен өте маңызды
Қазақстанға Steam әдісін алғаш әкелген Steam.kz жобасының жетекшісі, стартапшы Айдын Тусюбжанов Forbes Kazakhstan оқырмандарына бала тәрбиесінде не нәрсеге мән беру керектігін, Steam бағытына тән басты ерекшеліктер мен баланың жаңа үрдістерге деген қызығушылығын ояту, бәсекелестікке баулу тәсілдері туралы айтып берді.
Балаға мүмкіндік берген жөн
Steam — ғылым, технология, инженерия, өнер мен математиканы біріктірген білім беру әдісі. Steam.kz жобасының жетекшісі Айдын Тусюбжановтың айтуынша, бұл әдіс алғаш рет АҚШ-та пайда болып, сол елдің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыруды көздеген. Уақыт өте жаңа әдістің тиімділігі айқындалып, оқушылардың ғылыми және инжернерлік ойлау машығы едәуір артқаны байқалған. «Steam әдісі балалардың ғылыми және инженерлік машығын, креативті көзқарасын дамыту арқылы елдің бәсекеге қабілеттігін арттыруды көздейді. Steam-ді өте күрделі әдіс деп ойлайтындар бар, бірақ ол, керісінше, күрделі процесті балаға оңай, түсінікті етіп ұсынып, бір жобаны өзі жасап көру арқылы көз жеткізуіне мүмкіндік береді. PBL (Project-Based Learning) және Steam тәсілдерін зерттей келе, осы бағытты біздің елде де қолға алу керегін түсіндім. Бұл әдіс біздегі білім беру саласына өте қажет деп есептеймін. PISA сынды халықаралық зерттеу нәтижелеріне ден қойсақ, біздегі мектеп оқушыларының креативтік қабілеттері, сыни ойлау машығы төмен екенін байқауға болады. Ал егер біз теорияны практикамен бірге тиімді ұсынып, баланың өз бетінше жоба жасауына мүмкіндік берсек, бұл әлдеқайда пайдалы болмақ», — дейді біздің кейіпкеріміз.
Физика пәнінің мұғалімі Айдын Тусюбжанов Steam бағытымен алғаш рет 2013 жылы Астанадағы Nurorda мектебінде жұмыс істеп жүргенде танысқан: халықаралық Carolina Steam Challenge байқауында. Сол кезде Астанада 7-сыныпта оқып жүрген қазақстандық оқушылар бұл байқаудан жүлделі І орын алып келген. «Сол байқау Steam әдісін ерекше ұнатып, өзім үшін негізгі бағыт ретінде таңдауыма себеп болды. Байқауға Нұрдәулет, Қайсар, Шыңғыс деген үш оқушыммен бірге қатыстық. Үшеуі команда болып біріккенде жаңа қырынан ашыла түсті. Шыңғыс — команда көшбасшысы, ұйымдастырушы ретінде қалыптасты. Қайсар технология жағына икемді болса, Нұрдәулет теория жағына жауапты болды. Әр баланың өз орны, рөлі анық көрінді. Мұғалім болсам да, балалармен практика жасап, өзім де көп нәрсе үйрендім. Осы жобадан кейін Нұрдәулеттің олимпиадаға қатысуға ынтасы артып, физикадан халықаралық олимпиадада күміс жүлде алды. Қайсар технологияға қызығып, IT саласында мықты маман болды. Байқаудан соң Шыңғыс та өзінің көшбасшылық қабілетін таныта білді», — деп еске алады Айдын.
Сурет салу — креативті ойдың көзі
Steam.kz басшысының айтуынша, балаларды ерте жастан түрлі жобалық жұмыстарға баулып, үйреткен өте маңызды. Яғни, баланың бойындағы техникалық және инженерлік машығын дамытуға неғұрлым ерте кіріссеңіз, соғұрлым дұрыс болады. «Айталық, 1-сыныпқа келген балалардың ішінде қайшыны дұрыс ұстай алмайтындары бар. Ата-аналар әдетте балаларына дамытатын ойыншықтар әпереді де, оны қалай қолдану керектігін қадағаламайды. Сондықтан да балалардың көп уақыты гаджетте өтеді», — дейді Айдын Тусюбжанов.