Еліміздегі үш жоғары оқу орны алғаш рет әлемнің үздік университеттерінің рейтингіне енді

19 маусым, 2025 / Aristocrat
фото: Skynesher/Getty Images

Әлемнің үздік университеттерінің рейтингі – QS World University Rankings 2026 жарияланды. Биылғы рейтингке Қазақстанның 20 жоғары оқу орны енген. Олардың үшеуі рейтингке алғаш рет еніп отыр, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған aristocrat.biz.

Рейтингке енген үш жаңа университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы бедел индикаторы бойынша әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кірген.

Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және басқа да 5 университет оқытушылар мен студенттердің арақатынасы бойынша 100 үздіктің қатарынан көрінген.

Жаңа рейтингте Abai University 628-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда бірден 43 позицияға жоғары көтерілген (671-680 аралығы).

Министрліктің мәліметінше, халықаралық сарапшылар QS атынан университеттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуі және түлектердің ұзақмерзімді перспективалары секілді басым бағыттарға назар аударады.

QS аға вице-президенті Бен Саутердің айтуынша, Қазақстан университеттері бірнеше көрсеткіш бойынша оң динамика көрсетіп отыр және олар әлемдік деңгейге ұмтылу жолында жақсы қадамдар жасап келеді.

Айта кетейік, Азия елдерінің арасында Қазақстан QS рейтингіндегі университеттер саны бойынша – 10-орында. Бұл тізімде Қытай (72), Үндістан (54) және Жапония (47) көш бастап тұр.

Тэгтер:

университет үздік рейтинг