Қазақстанның стартап нарығы: басты трендтер, түйінді мәселелер

2 маусым, 2025 / Aristocrat
Фото: © Depositphotos.com/amixstudio

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстандағы стартап нарық белсенді дамып, инвесторлар мен ірі корпорациялардың қызығушылығын тудыруда

Көптеген жоба елімізде ғана жақсы нәтиже көрсетіп қоймай, әлемдік нарыққа шығуға талпынып жүр. Десе де қаржы көзін табуда және өнімдерді жаһандық тұтынушыларға бейімдеуде қазақстандық кәсіпкерлер ұшырасатын мәселелер де аз емес. Бұл материалда біз сарапшылармен бірге қазақстандық стартап нарығының аяқ алысына тоқталып, негізгі трендтер мен кедергілерді және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерін қарастырдық.

Стартапты табысқа жетелейтін не?

Кейінгі жылдары Қазақстанның ішкі нарығында да, халықаралық нарықта да бәсекеге түсе алатын компаниялар көбейіп келеді. Бұл компаниялар негізінен қаржы технологиясы, электрондық коммерция және EdTech (білім беру технологиялары) сияқты үш сектор бойынша дамуда. Нарық зерттеушісі, қаржы магистрі Баубек Төрехановтың айтуынша, мұндай қарқын осы бағыттардағы стартаптарды сатып алып, өз жұмысына енгізгісі келетін қаржы компаниялары мен банктердің сұранысынан туындап отыр. Сарапшы сондай-ақ стартап индустриясы дамыған сайын ауқымды бағыттар да қалыптаса бастайтынын айтады.

«Қазір елімізде аз болса да, MedTech (медициналық технологиялар) бағытында стартап жасап жүрген кәсіпкерлер бар. Бұдан өзге алдағы уақытта DeepTech (терең технологиялар), SpaceTech (ғарыш технологиясы) секілді бағыттар да қосылады деп ойлаймын. Бұл стартап-экожүйесі дамып жатқан елдерге тән құбылыс. Мұндай елдерде алдымен қаржы және білім беру технологиялары, электрондық коммерция дамып, кейін әлдеқайда ауқымды бағыттар қолға алынады», — дейді Баубек Төреханов.

Дегенмен алдағы уақытта қазақстандық стартапшылар үшін қызықты әрі болашағы зор бағыт болып қаржы және білім беру технологиялары қала бермек. Сарапшының пікірінше, қаржы технологиялары басқа салалармен салыстырғанда жоғары бағаланады. Сол себепті бәсекелестік деңгейінің жоғары болуына қарамастан, осы салада жұмыс істеуге ұмтылатын стартапшы өте көп. Ал білім беру технологияларының дамуын, зерттеуші, халық санының өсуімен байланыстырады. «Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың бала дүниеге келеді. Бұл білім беру технологияларына деген үлкен сұранысты тудырады. Бүгінгі күні жаһандық EdTech нарығы 1 трн доллардан асса, білім беру нарығының жалпы көлемі 8 трлн доллар деп бағаланады. Оған қоса кейінгі он жылда білім беру саласы елеулі өзгерістерге ұшырады, бұл да стартаптарға жаңа мүмкіндіктер береді», - дейді Баубек Төреханов.

Сарапшының айтуынша, стартап индустриясының дамуындағы негізгі фактор — толыққанды экожүйенің болуы. Экожүйе білім беру мекемелерін, акселераторлар мен инкубаторларды және мемлекет пен инвесторлардың қолдауын қамтиды. Қазақстанда мұндай жүйе жолға қойылып, техникалық мамандықтар мен кәсіпкерлік машықтарды дамытуға ықпал ететін университеттер мен инкубаторлар көбейіп жатыр. «Бұл ретте мемлекеттің қолдауы елеулі рөл атқарады. Қазіргі таңда АХҚО және Astana Hub стартаптарға тіркелуге және халықаралық серіктестермен байланыс орнатуға көмектесуде, мемлекет стартаптарға инвестиция бөліп, олардың дамуына қызығушылық танытуда. Google for Startups сияқты бағдарламаларды ұсынып, стартапшылардың Кремний алқабына баруына мүмкіндік беруінің өзі жақсы бастама деп ойлаймын», — дейді сарапшы Төреханов.

Айта кетейік, 2018 жылдан бері Astana Hub халықаралық технопаркінде 1500-ден астам IT-компания тіркелген, оның 400-ден астамы шетелдіктер қатысқан стартаптар. Қазіргі таңда технопарк қатысушыларының IT-экспортының көлемі 819 млн долларға жетіп, 274,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы кіріс 1,1 трлн теңгені құраса, ашылған жұмыс орындарының саны 28 мыңнан асқан. Қазір елімізде Astana Hub пен АХҚО-дан бөлек стартаптарға қолдау көрсететін Алматыда MOST, ал Қарағандыда Terricon Valley (Террикон алқабы) IT хабтары бар.

Тэгтер:

стартап