Басылымның жаңа санын журналдың бас редакторы Асия Акишева ұсынады
Стэнфорд университетінің Жасанды интеллектіні зерттеу орталығы жария еткен мәліметтерге ден қойсақ, 2024 жылы ЖИ технологияларына бағытталған жеке қаражат түріндегі инвестициялық салымдар 252,3 млрд АҚШ долларын құраған, бұл, айталық, 2014 жылмен салыстырғанда 13 есе ауқымды көрсеткіш.
Соңғы бес-алты жылда әлем бойынша ЖИ қолданушы компаниялар саны да артып келеді: Стэнфорд университеті мамандары өз зерттеулерінде 55%-дан 78%-ға дейін деп көрсетеді (2019 жылдан бері). Генератив ЖИ қолданушы компаниялар саны 33%-дан 71%-ға дейін артқан. Ал осы бағыттағы жеке капитал ағыны былтырдан бері 33,9 млрд долларға жеткен (+18,7%), бұл — ЖИ технологияларын қамтыған жеке инвестиция ауқымының 20%-ы.
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жыл ЖИ үшін айрықша жыл болса керек, қазірдің өзінде бұл технология жаһандық деңгейде экономиканы, білім мен ғылымды, тіпті саясатты қалыптастыруға белсенді араласып кетті деп отыр олар. ЖИ қазір күрделі есептер мен міндеттерді оңай әрі жылдам шешіп берумен қатар, адам баласының күнделікті қарапайым өміріне де дендеп ене бастады.
Құрметті оқырман, өздеріңіз де түсінгендей, бүгінгі номердегі басты тақырып — жасанды интеллектіге негізделген технологиялардың қазақ қоғамына әсері мен ықпалы хақында. Дұрысырақ айтсақ, жаңа технологиялар мен қазаққа тән ұлттық ерекшеліктің, ұлттық болмыстың өзара синтезі тұрғысында.