2025 жылғы 16 шілдеде Мемлекет басшысы қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі Заңға қол қойды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Құжат азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке өмірге қол сұғатын, бірақ күш қолданусыз жасалатын құқыққа қарсы әрекеттердің ауыр қылмысқа ұласуына жол бермеу мақсатында қабылданды. Осы бағытта Қылмыстық кодекске сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді (ҚК-тің жаңа 115-1-бабы).
- Сталкинг – зорлық-зомбылықпен байланысты емес адамның заңсыз қудалануы ретінде айқындалған. Мұндай әрекеттерде күш қолдану белгілері болмағандықтан, ол қылмыстық теріс қылықтар санатына жатқызылды.
Бұл баптың мақсаты – физикалық күш қолдануға немесе ашық қауіп-қатерге бармаған, бірақ қудалау әрекеттерімен зиян келтіретін адамдардан ықтималы жоғары құрбандарды қорғау.
Жаңа нормалар 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Осы уақыттан бері сталкинг фактілері бойынша екі қылмыстық іс тіркелді – Атырау және Павлодар облыстарында, - делінген ақпаратта.
Заңға сәйкес сталкинг жасағандарға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (АЕК) айыппұл салу немесе дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар атқару, не 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза көзделген.
Сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жаңа заңмен неке қиюға мәжбүрлеу үшін де қылмыстық жауаптылық енгізілді (ҚК-тің жаңа 125-1-бабы).
- Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану қаупімен немесе мүлкін жою не бүлдіру қатерімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі адамға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза қолданылады.
Абайсызда ауыр зардаптарға әкелген жағдайда кінәлі тұлға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
Неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент қаласында, сондай-ақ Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелген. Екі жағдайда жәбірленушілер кәмелетке толмағандар болған, - деп жазды прокуратурадан.
Аталған істер бойынша тергеу жалғасуда және прокуратура органдарының бақылауында тұр.