Тәліптер Ауғанстанда интернетті толықтай өшірді

Бүгін, 09:30 / Aristocrat
Фото: UN Women

Ауғанстанды билеп жатқан тәліптер әдепсіз әрекеттермен күресу мақсатында елдегі интернет қызметін толығымен тоқтатты. ВВС арнасы хабарлайды.

NetBlocks халықаралық интернет мониторинг қызметі Ауғанстанда енді интернет жоқ екенін мәлімдеді.

“Ауғанстанда тәліптер азғындықпен күресу үшін интернетті толық сөндірді. Таңертең көптеген желілер жабылды; телефон байланысы да әлсіреді", – деп хабарлады NetBlocks.

Кабулдың бірнеше тұрғыны талшықты-оптикалық интернет қызметі жұмыс күнінің соңында, кешкі сағат 17:00 шамасында жұмысын тоқтағанын айтты.

AFP халықаралық ақпарат агенттігі Кабулдағы кеңсесімен байланысын, соның ішінде ұялы телефон қызметін жоғалтқанын хабарлады.

Мобильді интернет пен спутниктік теледидар қызметі де Ауғанстанда істемей тұр. Кабул әуежайынан ұшатын рейстер де тоқтатылды.

Талибан бірнеше апта бұрын елдің әртүрлі провинцияларында жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық интернет қосылымдарын өшіре бастады, содан кейін жергілікті пайдаланушылар интернет қызметінің баяулығына немесе толық сөніп қалғанына шағымданды.

Жергілікті кәсіпкерлер бұл тәжірибе жалғаса берсе, айтарлықтай шығынға ұшырайтынын мәлімдеді.

Талибан үкіметі бұған дейін егжей-тегжейлі ақпарат бермей, балама интернет арналарын жасайтынын мәлімдеді.

"Ауғанстан қазір Солтүстік Кореямен интернетті жабу бәсекесінде ресми түрде бірінші орынды иеленді", – деп жазды 1TV ауған жаңалықтар арнасының бұрынғы бас редакторы Хамид Хайдари.

Тэгтер:

интернет ғаламтор тәліптер Ауғанстан