Роял Ачарья: «Непалдық азаматтар арасында үміт пайда болды»

Бүгін, 15:03 / Aristocrat
ашық деректерден алынды

Соңғы апталарда Непал елінде орын алып жатқан оқиғалар бүкіл әлемнің назарын аударды. Жаппай наразылық шерулері, халықтың үні мен Z ұрпағының батыл қадамдары – бұл елдің саяси болашағына тікелей әсер ететін маңызды кезең. Осы орайда, оқиғаның мән-жайын тереңірек түсіну үшін біз Непалдың беделді медиа маманы, Экономикалық Медиа Ассоциациясының Президенті және Ktmvoice.com сайтының Бас редакторы Роял Ачарьямен арнайы сұхбат жүргіздік. 

Бұл сұхбатта Непалдағы наразылықтардың себептері, жастардың рөлі, саяси ахуал және алдағы ықтимал өзгерістер жөнінде құнды пікірлер мен сараптамалар ұсынылады.  Ендеше, Непал қоғамындағы бүгінгі жағдайға ішкі көзқараспен үңілейік.

 

- Роял мырза, сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғыс білдіре отырып, еліңіздегі қазіргі ахуалға қатысты сабырлық пен бейбітшілік тілейміз! Қазіргі таңда Непалдағы жағдайды сипаттап бере аласыз ба? Елде нақты не болып жатыр?

 

Алдымен саяси жағынан бастайын. Непалдың саяси сахнасында үш негізгі партия басымдыққа ие: Непал Конгресі (NC) – ең көне демократиялық партия;  Непал Коммунистік партиясы – Біріккен маркстік-лениндік (CPN-UML) – жетекшісі К.П. Шарма Оли;  Непал Коммунистік партиясы – Маоистік орталық (CPN-MC) – жетекшісі Пушпа Камал Дахал, лақап аты «Прачанда». Сонымен қатар, өңірлік және Мадхеске бағытталған ұсақ партиялар да белгілі бір ықпалға ие. Алайда соңғы жылдары негізгі күш Конгресс пен UML партияларының қолында болды. Жуырда ғана Непалды Непал Конгресі мен CPN-UML бірлескен коалициясы басқарған еді. Алайда жаппай наразылықтардан кейін Премьер-министр отставкаға кетті. Қазір саяси күштер дәстүрлі партиялық жүйеден тыс бейтарап Премьер-министр тағайындау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Мақсат – елді әділ әрі бейтарап сайлауға алып бару. Наразылық білдірушілер Парламент ғимаратына, Премьер-министр мен министрлердің резиденциялары мен кеңселеріне, сондай-ақ Президент резиденциясына от қойған. Мемлекеттік маңызды нысандарға шабуыл – бұл халықтың ашу-ызасының, сондай-ақ барлық саяси элитаның сәтсіздігіне деген терең сенімінің көрінісі. Қазіргі уақытта наразылықтар салдарынан 51 адам қайтыс болды. Соңғы күндері жағдай біршама тынышталып, билік пен оппозиция арасында уақытша үкімет құру жөнінде келіссөздер басталды.

 

– Наразылық шерулерінің басты себептері қандай? Халық не талап етуде?

 

Негізгі себептердің бірі – үкіметтің әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы шешімі болды. Сонымен қатар, жастар жемқорлыққа, ашықтықтың жоқтығына, таныстық пен әділетсіздікке қарсы шықты. Олар тең мүмкіндік, жұмыс орындары мен жүйелі өзгерістерді талап етуде.

 

 

- Ел арасында бұл Z ұрпақтың қозғалысы деген әңгіме жүріп жатыр. Бұған не айтасыз?

 

Қазіргі уақытта  Z қозғалысының нақты жетекшісі кім екені әлі де белгісіз, себебі әртүрлі топтар қатысып отыр. Кейбір дауыстар тіпті Конституцияны жоюды талап етуде, ал мен сөйлескен  Z белсенділерінің көпшілігі басқа талапты атап өтті: олар саяси партиялардан тәуелсіз, бейтарап тұлғаны премьер-министр етіп тағайындауды, сонда еркін және әділ сайлауды өткізуге бақылау жасалатынын қалайды. Бұл мақсатта бұрынғы Бас сот төрешісі Сушила Карки мүмкін кандидат ретінде қаралуда. 

Бұл қозғалыс саяси басшыларға мықты сигнал берді – сыбайлас жемқорлыққа төзбеу және биліктің халыққа қызмет етуі тиіс екенін көрсетеді. Нәтижесінде, непалдық азаматтар арасында үміт пайда болды.

 

сурет: newsweek.com

 

– Үкімет наразылықтарға қалай жауап беріп жатыр?

 

Алғашында үкімет күш қолданды – көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, кейбір жағдайларда оқ ату фактілері болды. Кейін олар әлеуметтік желілерге тыйымды алып тастап, қаза тапқандардың отбасына өтемақы беретінін және жараланғандарға тегін көмек көрсетілетінін хабарлады. Қазір билік жағдайды келіссөздер арқылы шешуге тырысуда.

 

– Бұл наразылықтар негізінен бейбіт түрде өтіп жатыр ма, әлде полициямен немесе билікпен қақтығыстар болды ма?

 

Бастапқы кезеңде наразылықтар барысында полиция мен шерушілер арасында қақтығыстар болды. Кей жерлерде от қою мен мүлікті қирату жағдайлары тіркелді. Қазір көшелерде тыныштық орнап келеді.

 

– Қай аймақтар немесе қалалар наразылықтан көбірек зардап шекті?

 

Негізгі наразылықтар Катманду алқабында, әсіресе парламент пен үкімет кеңселерінің маңында өтті. Сонымен қатар Бхактапур және Итахари қалаларында да шерулер болды.

 

– БАҚ бұл жағдайды қалай жариялап жатыр? Журналистерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?

 

Журналистер қауіпсіз әрі еркін жұмыс істей алуда, бұл да жақсы белгі болып отыр. Ішкі және халықаралық БАҚ наразылықтарды кеңінен жариялап жатыр. Әлеуметтік желілерге тыйым салу алғашында ақпарат ағынына кедергі келтірді. Қазір бұл мәселе шешілді, бірақ баспасөз бостандығына қатысты алаңдаушылық бар.

 

– Халықтың қазіргі көңіл-күйі қандай?

 

Жастар арасында әлі де ашу мен реніш бар. Сонымен қатар, уақытша үкімет туралы талқылаулар қоғамда үміт те ұялатып отыр. Көпшілік қайғы мен сақтықты қатар сезініп отыр.

 

– Интернет пен әлеуметтік желілерге қатысты не айтасыз?

 

Дағдарыс кезінде 26 әлеуметтік желі бұғатталды. Алайда жаппай наразылықтардан кейін бұл шешімнің күші жойылды, қазір барлық платформа қайта ашылды.

 

– Бұл оқиғаларды көру немесе оларды жария ету барысында өзіңіз қандай сезімдесіз? Сіз үшін осы оқиғалардың маңызы қандай?

 

Бұл наразылықтар жастардың әділет пен жауапкершілік талап етуге дайын екенін көрсетті. Өкінішке қарай, көптеген жазықсыз адамның өмірі қиылды. Дегенмен, уақытша үкімет туралы ұсыныстар елде нақты өзгерістер болады деген үміт береді.

 

– Елде тұрақтылық орнауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

 

Ең алдымен, бейтарап уақытша үкімет құрылып, әділ сайлау өткізілуі қажет. Жемқорлық пен таныстықпен күрес нақты нәтижелер беруі тиіс. Сондай-ақ, жастарға арналған жұмыс пен білім саласында нақты саясат жүргізу керек. Бейбіт шерулер мен баспасөз бостандығы қамтамасыз етілуі тиіс.

 

- Әңгімеңізге рақмет. Еліңізге тыныштық тілеймін!

 

Сұхбаттасқан: Наурызбек САРША

 

Тэгтер:

мемлекет непал қақтығыс ереуіл