Сот Бишімбаевтың інісінің өтінішін қанағаттандырып, жаза мерзімін қысқартты

30 шілде, 2025 / Aristocrat
Фото: Жоғарғы сот

Ақмола облысы Степногор қалалық сотында Бақытжан Байжановтың жаза мерзімін амнистияға байланысты қысқарту туралы өтініші қаралды. 

Байжанов процестің БАҚ-сыз өтуін қалағанымен, судья Акишев бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Байжановтың жазасын өтеу мерзімі 2027 жылғы 18 шілдеде аяқталуға тиіс болатын. Енді ол мерзім үштен бір бөлікке қысқарады: сегіз ай сегіз күнге. Осылайша, Бақытжан Байжанов 2026 жылғы қарашада босатылады.

Шешім шығаруға колония әкімшілігінің Байжановқа берген мінездемесі және сот шешімімен тағайындалған өтемақылардың толық өтелуі әсер еткен.

"Жазасын өтеу барысында жағымды мінездеме берілген. Сот үкімі бойынша талап-арыз толық өтелген. Ұстау жағдайында мінез-құлқы бірінші оң деңгейде бағаланған, екі рет көтермелеуге ие болған", – делінген хабарламада.

Прокурор да бұл пікірмен келісе отырып, өтінішті қанағаттандыруды сұраған.

Еске салайық, бұған дейін Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты сотталған Бақытжан Байжанов рақымшылық аясында жаза мерзімін қысқартуды сұрап, 9 шілдеде Степногорск аудандық сотына өтінішхат жолдаған еді. Байжановтың адвокаты егер рақымшылық қолданылса, жазасы шамамен сегіз айға қысқаруы мүмкін екенін айтқан. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзінше, Байжанов сотталған "қылмысты жасыру" бабы рақымшылықтан тыс қылмыстар тізіміне кірмейді, сондықтан оған бұл мүмкіндік қарастырылуы мүмкін.

Тэгтер:

рақымшылық сот Байжанов Бишімбаев