Орталық мешіт ішінде қызға сексуалдық ұсыныс жасап тиіскен ақтөбелік жазаланды

29 шілде, 2025 / Aristocrat
Фото: Ақтөбе облыстық ПД

 Сот қаулысымен 42 жастағы ер адам 5 тәулікке қамалды. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Талғат Ахметовке қатысты іс қаралды.

Іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 449-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалды.

Сотта Т.Ахметовтің бұған дейін де әкімшілік жауапқа тартылғаны, соған қарамастан 24 шілде күні сағат 17:30–да «Нұр ғасыр» мешітінің кіре берісінде, яғни қоғамдық орында өзі танымайтын қызға сексуалдық сипаттағы ұсыныс жасап, мазалағаны туралы айтылды.

Т.Ахметов сот отырысында кінәсін ішінара ғана мойындады. 

— Талғат Ахметов ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылсын. Әкімшілік қамаққа алу мерзімі 2025 жылғы 29 шілдеден бастап есептелінсін, — деді судья А.Бисеналина.

Еске салсақ, Ақтөбе тұрғыны орталық мешітке барып, есік алдында өзін бөгеп тұрған ер адам туралы жазды. Кейін бұл оқиға көпшілік арасында кең тарап, талқыға түсті. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Ер адамның кім екенін анықтап, әкімшілік хаттама толтырды. 

Тэгтер:

Мешіт Сот Құқықбұзушылықпен күрес Ақтөбе Ақтөбе облысы