Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша

15 шілде, 2025 / Aristocrat
ашық дереккөзден алынды

Премьер-министрдің төрағалығымен өткен үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік борыштың өзекті жай-күйі және оны басқару жөніндегі шаралар туралы баяндады. Бұл туралы үкіметтің Telegram-дағы арнасы хабарлайды.

Қаржы министрінің деректері бойынша, 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 31,9 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге 21,1 пайызды құрап, жыл басынан бері 40 млрд теңгеге ұлғайған.

"Негізгі өсу факторы – республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және бұдан бұрын тартылған қарыздарды игеру болып табылады", - деді ол.

Бұл ретте, жалпы ішкі өнімнің өсімі қарқынының арқасында, мемлекеттік борыштың жалпы ішкі өнімге қатынасы төмендеуі жалғасуда:

▫️2020 жылғы 29,2 пайыздан

▫️2024 жылы 23,5 пайызға дейін.

"Осылайша, 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында белгіленген жалпы ішкі өнімге 32 пайыз көлеміндегі мемлекеттік борыш лимиті сақталып отыр", - деді Мәди Тәкиев.

Бұдан бөлек, осы жылдың 24 маусымында Қаржы министрлігі $2,5 млрд сомасына евробондтар орналастырған. Бұл жиынтық борышты ұлғайтпай, 2015 жылғы сыртқы міндеттемелер бойынша алдағы төлемдерді толығымен қайта қаржыландыруға мүмкіндік берді.

Осылайша, сыртқы нарықта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің болашақта қарыз алуы үшін кірістілік бағдары айқындалған.

Тэгтер:

Қазақстан Қарыз ел сыртқы