Өкініштісі, бүгінде бағзыдан міні құрымай жеткен ұлттық
қолөнермен айналысатындар көп емес. Маңғыстауда бұл
жауапкершілікті мойынына алған аздың бірі хас шебер – Әуес
Сағынаева. Қаршадайынан ел ішіндегі қолы шебер ана-апалардан іс
істеудің қыр-сырына қанығып, ерінбей үйренумен өскен ол өмірін осы
салаға арнады. Әуес апа 2010 жылғы 2-ші Қазақстандық «Шебер-2010»
қолөнершілер конкурсының «Жоғарғы сапа» номинациясының
жеңімпазы, 2011 жылы «Каспий – достық теңізі» фестивалінде «Ең үздік
сәндік – қолданбалы қолөнер туындылары» сайысының «Үздік
қолөнерші» номинациясы бойынша 3-ші орын иеленді, 2013 жылы Ү-ші
«Шебер – 2013» Қазақстан қолөнершілер байқауының жеңімпазы.
Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Қолөнер шеберлері
одағының мүшесі, Маңғыстау облысы қолөнер шеберлері одағының
президенті, «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қорының жетекшісі
Ә.Сағынаева жақында 70 жасқа толған мерейтойына орай
«Аристократ» журналы қолөнер жанашырынан сұқбат алған еді.
Әуес апай, Сізді 70 жас мерейлі туған күніңізбен құттықтаймыз
және өңірімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға соның
ішінде қолөнер саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқаныңызға
алғыс айта отырып сұрағымызды қолөнершілікке қалай келгеніңізден
бастасақ?
Мен Маңғыстау облысының Тұщықұдық ауылында 1950 жылы мал
шаруашылығымен айналысқан, қарапайым, отбасында дүниеге келдім. Мал
шаруашылығымен айналысқаннан кейін көшпенді қазақ киіз үй негізгі
баспана. Сол баспананы жылыту дан бастап іші сыртын сәндеу болып
табылады. Анамнан киіз үйге керекті жабдықтар мен бау-басқұрларды
тоқуды, әр-түрлі сырмақ, текеметтерді оюлап, өрнектеуді үйрендім. Яғни жас
кезімнен қанымда бар.
Кәсіби шеберлігімді шыңдауды 1973 жылы Бейнеу кенті комбинатында
бастадым. 1995 жылға дейін тігінші, содан кейін тігін шеберханасының
меңгерушісі болдым. 1999 жылдан Маңғыстау облыстық тарихи өлкетану
мұражайының қорындағы матадан және жүннен жасалған жәдігерлерін
қалпына келтіруші болып жұмыс істедім.
Бүгінде ұмытылып бара жатқан қандай қолөнер түрлерін айтар
едіңіз?
Өнердің, соның ішінде қолөнердің түрі көп, тіпті заман ағымына сай
бұл сала жаңғырып-жетіліп келеді десе де болады. Алайда қазақтың дәстүрлі
өнерін, соның ішінде киіз үй жабдықтарына қатысты төлөнерді тасада
қалдыру мүмкін емес. Ұмытылып бара жатқан қазақ қолөнеріне текемет
басу, ши орау, өрмек тоқу, киіз басу, арқан есу, шашақ жасау кіреді.
Қазіргі таңда қолөнершілердің басты мәселесі қандай?
Қазіргі таңда қолөнер шеберлерінің басты мәселесі қазақ қолөнерін
білетін шеберлердің азаюы. Екіншісі, қолөнер шеберлерін мемлекет
қолдамайды. Шеберлікті кәсіп еткісі келетін шеберлер баршылық, бірақ
олардың шеберханалары жоқ. Біз Ақтау қаласы орталығынан шеберлер
орталығын ашуды сұрадық. Әзірге мәселе оңды шешімін таппай тұр.
Маңғыстау облысында қолөнершілерге қандай қолдау
көрсетілуде?
Әзірге қолдау көрсетілмей тұр. Дегенмен мен басқарып отырған
«Алтын Оймақ» қолөнерді қолдау қоғамдық қорына Мәдениет министрлігі
яғни Маңғыстау облыстық мәдениет тілдерді дамыту және архив ісі
басқармасы қолдауымен ұмытылып бара жатқан дәстүрлі қолөнерін
дамытуға мемлекеттік тапсырыс берген. Қазір сол жобамен жұмыс
жасаудамыз.
Шәкірттеріңіз бар шығар?
Әрине шәкірт бар. Облыс орталығы, аудан орталықтарында тренинг
сабақтарды көптеп өткізудеміз. Маңғыстауда да қолөнерді дамытып, оны
биікке көтерсек деген арманым бар еді. Біздің шеберлеріміз әртүрлі
бұйымдар жасаумен айналысады. Соңғы кезде жүннен бұйым жасау үрдіске
айналып кетті. Мен өз білгенімді, жиған тәжірибемді осы Маңғыстау
шеберлеріне үйретіп, жалғастырып келемін деп айтсам да болады.
Білгенімізді, бойымыздағы шеберлікті жастарға сіңіріп жатқан жайымыз бар.
Қазір үйренгісі келетін жастардың қарасы біршама. Оған да көңіл бөлуіміз
керек. Өз бұйымдарымызды шетелге шығару да алдағы мақсаттың бірі.
Алдағы уақыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
Алдағы уақытта жоспарлар көп. Маңғыстау облысы орталығы
Ақтаудан шеберлер орталығын ашу, екіншісі шеберлерге қолдау көрсету,
яғни оларды ықпалды ету, танымал ету. Дәстүрлі қолөнері ол біздің
мәдениетіміздің бір бөлшегі, сондықтан дамытуға күш салуымыз керек.
Туризмді дамытқымыз келсе, мәдениетті де ұмытпауымыз керек. Елге келген
турист тарих пен мәдениетпен танысқысы келеді, олай болса қолөнерін жәй
нәрсе деп қарауға болмайды.
Сұқбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз!
Сұқбаттасқан: Наурызбек САРША