Мұратбек Азимов, кәсіпкер, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті: «Таразды туристік орталыққа айналдыру бағытында тынбай еңбек

Мұратбек Азимов,
кәсіпкер, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті:
«Таразды  туристік орталыққа айналдыру бағытында тынбай еңбек

етеміз»

Көне шаһар атанған Тараз қаласында кейінгі жылдары көз тойып,
көңіл толатындай көп тірлік атқарылуда. Облыс орталығындағы оң
өзгерістерге құрылғанына биыл он жыл толып отырған «Көне Тараз»
қоғамдық қорының да қосып отырған үлесі қомақты. Осы орайда біз 
қоғамдық қордың президенті Мұратбек Азимовпен жолығып,
атқарылған жұмыс пен алдағы мақсаттар туралы пікірлесіп қайтқан
едік. 
-Мұратбек Қоқанұлы, Сіздің көптеген салада қызмет етіп, еңбектің
қайнауында өскеніңізді білеміз. Жалпы еңбек жолыңыз қалай басталды?
-Мен 1958 жылдың қараша айының 10-шы жұлдызында  Жамбыл
облысы, Тараз қаласында дүниеге келдім. 1980 жылы Жамбыл
технологиялық институтына оқуға түсіп, 1986 жылы оқу орнын тәмамдадым. 
1977-1979 жылдар аралығында Совет армиясында қызмет еттім. 1992 -1997
жылдар аралығында «Азим» ЖШС директор қызметін атқардым.  1997-1999
жылдар аралығында Жамбыл облысы бойынша Салық төлеу агенттігінің
басшысы қызметін атқардым. 1999-2009 жылдар аралығында «БМК» ЖШС
бас меңгеруші қызметін атқарушы болып жұмыс жасадым. 2009-2016
жылдары «Тараз Интекстрой» ЖШС бас меңгерушінің орынбасары қызметін
атқардым. 2016-2018 жылдар аралығында «Астық қоймалары» ҰК Азық-
түлік кәсіпорнының директор орынбасары қызметін атқардым. Қазіргі таңда
«Көне Тараз» Қоғамдық қорының Президенті қызметін атқарудамын. 
-Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…
-Ата-анамыз қарапайым кісілер еді. Біздің жоғары білімді болып,
еңбекте жетістікке жеткенімізді қалады. Бәрімізді оқытты, шоқытып, ұлын-
ұяға, қызын-қияға қондырды. Кеңестік кезеңде бір қарапайым отбасының
жеті баласы жоғары білім алуы некен-саяқ еді ғой. Құдайға шүкір,
бауырларымның барлығы өмірде өз орындарын тапқан жандар. Отбасылы,
балалары мен немерелерінің қызығын көріп отыр. Бұл әкеміздің арманы
болатын. Анамыз кез-келген істі әкемізбен ақылдасып атқаратын. Анамыз 94
жасқа келіп бақилық болды. Анамыздың соңғы арманы үш ағайын ұлдың бір
шаңырақта тұрып, бірлікте болғанын қалады. Анамыздың арманын орындап
қазір ағайынымызбен тату, жақын тұрамыз. Бұл үлгі-өнеге болатын дүние

деп ойлаймын. Сол үлгіні жалғастырып өзім де балаларымның барлығын
жоғары білімді игеріп шығуына атсалыстым. Шет елдерде білім алды. Өз
алдына қызметері де бар.

-Осы ретте «Көне Тараз» қоғамдық қорына он жыл толып отыр
екен. Он жылдық белесі құтты болсын! Осы қоғамдық қорының
тарихына тоқталып өтсеңіз.
-Рақмет! Осы кезеңге шолу жасап отырсақ, ауыз толтырып
айтарлықтай ауқымды жұмыстардың жүзеге асқанына көз жеткізуге болады.
Марқұм Балтабек Бекежанов қордың ең алғашқы президенті болды.
Азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Әулиеата өңірінің
өсіп-өркендеуі жолында сол уақыттарда көптеген шаруалар атқарылды. Одан
кейін де бірнеше азамат басшылық етті. Дегенмен, көзге көрінерлік тірлік
болған жоқ. Негізгі жұмыс кейінгі жылдары жүзеге асуда. Жалпы, қордың
президентін құрамында Масат Берік, Үсіпәлі Қалиев, Өмен Байшығашев
сияқты есімі елге елеулі азаматтар бар  қамқоршылық кеңес сайлайды.
Сонымен қатар құрылтайшылар бекітілген. Міне, осы азаматтардың артқан
сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етіп жатқан жайымыз бар. 
-Жалпы, қордың негізгі мақсат-мұраты қандай? 
-«Көне Тараз» қоғамдық қорының басты мақсаты-облыстың
әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету. Жалпы айтқанда осылай. Ал,
тарқата жеткізетін болсақ, жұмыс жүйесі бірнеше бағытты қамтиды.
Мысалы, облыс аумағында орналасқан ескі ғимараттарды, тұрғынүйлерді,
жатақханаларды, аулаларды қалпына келтірудеміз.  Мәдени-рухани
орындардың ашылуына өз үлесімізді қостық. 
Қордың аты айтып тұрғандай, негізді күшті Тараз қаласын
түрлендіруге жұмсап жатырмыз. Елбасымыздың қамқорлығымен Тараз
қаласын туристік орталыққа айналдыруға айрықша басымдық берілуде.
Шаһардың 2000 жылдық тойының ЮНЕСКО деңгейінде тойлануы осындай
баянды бастаманың бірі болды. Облыстың сол кездегі әкімі Серік
Үмбетовтың іскерлігінің арқасында дүбірлі думан жоғары деңгейде өтті.
Баршаға белгілі, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын атап
өтудің де өзіндік астары бар. Бұл шара да облыстың бұрынғы әкімі Кәрім
Көкірекбаевтың ұйытқы болуымен ұтымды ұйымдастырылды. Тұңғыш
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық аймағы демеушілік
көмек көрсетті. Бірі көпірге көрік сыйласа, бірі саябақтың сәнін кіргізді.  Бір
сөзбен айтқанда, шаһар шырайланып шыға келді. Осы орайда «Көне Тараз»
қоғамдық қорының да қолтаңбасы қалды. Мысалы, Тараз қаласына Алматы
қаласы жағынан келетін еңселі арка толықтай  қордың қаржыландыруымен
бой көтерді. «Көне Тараз» археологиялық саябағындағы «Қарауыл
мұнарасы», «Мыңбұлақ» сквері, «Менің Қазақстаным» ескерткіші,

«Шахристан» кешеніндегі сәулетті қорған, «Қазақ хандығы» монументіндегі
алып стелла, бәрі-бәрі біздің ұйымның қаржыландыруымен жүзеге асқан
жұмыстар. Орталық «Һибатулла Тараз» мешітінің күрделі жөндеу
жұмыстарына да көмектестік.  Мысалы, ғибадатхананы әрлеу жұмыстарына
226 миллион теңге қаржы жұмсалды. 

  • Осындай мөлшердегі қомақты қаражат қайдан жиналады? 
    -Дана халқымыз «Көп түкірсе-көл» деп тегін айтпаса керек. Ауқымды
    жобаларға бөлінген қаржының  бәрі де демеушілеріміздің көмегі. Елім деп
    еміренген, жерім деп тебіренген азаматтар аз емес. Міне, сондай жомарт
    жандар өскен өңірлерінің өркендеуіне «теңізге тамған тамшыдай» өз
    үлестерін қосуда.  «Судың да сұрауы бар» дегендей, біз де жиналған
    қаржыны оңды-солды жұмсамаймыз. Қамқоршылық кеңес пен 
    құрылтайшылармен ақылдаса отырып, шешім қабылдаймыз. 
    Жасыратыны жоқ, кейбір жобаларға бюджеттің мүмкіншілігі жетпей жатады.
    Сондай сәттерде жергілікті атқарушы органдар бізге ұсыныспен шығады.
    Кейде біз ой тастаймыз. Осылайша ортақ мақсаттың нәтижесінде оң
    бастамалар жүзеге асады. Мысалы, Тараз қаласындағы «Мамыр» бағының
    абаттандыру жұмыстарына атсалыстық. Сонымен қатар Т.Рысқұлов саябағын
    ретке келтірдік. Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма
    театрының алдындағы арка да біздің қордың қаржысымен бой көтерді. Бұдан
    бөлек инфрақұрылым желісін жаңғыртуға да қол ұшын созудамыз. Нақты
    айтсам, Мойынқұм, Жуалы аудандарындағы жылу құбырларын ауыстыруға
    жергілікті бюджеттің қаржысы жетпей қалған кезде біз қолдау көрсеттік.
    Тараз қаласындағы Қарттар үйінің ғимаратын  қалпына келтіруге де
    қарайластық. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. 
    -Білуімізше, Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойын
    ұйымдастыру шараларының бел ортасында жүрдіңіздер… 
    -Әрбір әкім өзі қызмет атқарып отырған уақытта лайықты іс тындыруға
    тырысады. Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов тарихи
    Таразды түрлендіруге, тұтастай аймақты гүлдендіруге көп күш салды. 
    Қаланы дамыту жөніндегі арнайы кеңес құрып, жұмыстың басы-қасында
    жүрді. Өзі құрылысшы, өзі архитектор, өзі дизайнер. Сол уақытта өте
    ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 
    Атап өтсек, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта
    жөндеуден өтіп, саябақ ішінен «Ерлік» мемориалды кешені ашылды.
    «Үшбұлақ» каналының жағалауы абаттандырылды. Халық Қаһарманы
    Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ толық жаңғыртудан кейін ел игілігіне
    берілді. «Желтоқсан-86» орталығы, «Тәуелсіздік ұшқыны» алауы, Шахмат
    алаңшасы, балалар ойын алаңы, сондай-ақ «Ғибрат» орталығы ашылды.
    «Желтоқсан» аллеясында ұзындығы 220 метрді құрайтын республика
    көлеміндегі ең ұзын субұрқақ іске қосылды. Тараз қаласындағы

Ы.Сүлейменов көшесінің бойына орналасқан «Атшабар» сквері  көркімен көз
тартатын «Жастар аллеясына» айналды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз
мейрамына орай ашылған демалыс орнында «Ұлы Дала ұландары» стеласы,
«Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші, LED экран мен
Сахна алаңшасы бой көтеріп, заманауи үлгідегі 2 субұрқақ іске қосылды.
Бүгінде аллея жастардың серуендейтін орнына айналды. 
Бұдан бөлек Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай көптеген
шаралар ұйымдастырылды. «Шахристан» этномәдени кешені шын мәнінде
туристердің қызығушылығын арттыратын жоба болды. «Тектұрмас» кешені
де тереңнен тамыр тартқан тарихымызды төрткүл дүниеге танытатын
қадамның бірі. Осындай ауқымды бастамаларды көре тұра біз де үнсіз қала
алмадық. Аймақ басшылығына өз ұсынысымызды айттық. Мысалы,
«Тектұрмас» кешені жобасының бірінші кезеңін толықтай біздің қор
қаржыландырды. Жергілікті билікпен бірлесе отырып, уақытпен санаспай
жұмыс істедік. Қажетті қаржы бойынша тәуелсіз компанияларға сметасын
жасатып, оның мақсатты игерілуін бақыладым. Бұдан басқа да көптеген
жобаларға қолдау көрсеттік. Жұмыс аяқталған соң қамқоршылық кеңес пен
құрылайшылардың алдында есеп бердім. 
Қоғамдық қордың жұмысы қазір де жүйелі жалқасуда. Жамбыл
облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы аймаққа басшы болып
тағайындалған бір жылдың ішінде талай түйткіздің түйіні тарқатылып,
күрделі мәселелердің күрмеуі шешілуде. Қордай оқиғасын ретке келтірудің
өзі Бердібек Машбекұлының саясаттағы салмағын аңғартып тұр десем артық
айтқандық емес. Оның үстіне әлем елдерін әбігерге салған пандамияның
әлегі Әулиеата жұртшылығына да оңай соққан жоқ. Міне, осындай
қиындықтарға қарамастан аймақ басшысы ауыз толтырып айтарлықтай
ауқымды істерді атқаруда. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы
аясында қаншама сына қалпына келтірілді, қаншама жолдар жөнделді. 
Аулалар абаттандырылып, көшелер көшелер көркейді. Айтаға оңай, әрине.
Бір жылдың ішінде үлкен скверлер салынды. Тараз қаласында «Арбат-2»,
«Арбат-3» аллеяларының құрылысы қарқын алуда. «Біз біргеміз!», «Қазақ
халқына мың алғыс!» стеллалары да алыстан көр тартады. Мұның бәрі де
тұрғындармен қатар туристердің де қызығушылығын тудыруда. 
«Тектұрмас» кешені жобасының бірінші кезеңін біз қаржыландырсақ,
екінші кезеңге бюджеттен қаражат бөлінді. Тараз қаласы ғана емес,
аудандарда да жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстарға жұрт куә. 
Осы орайда, атқарған жұмыстарыңызға орай жеткен
жетістіктеріңіз де бар шығар?
Әрине, бейнетіміздің зейнетін аз көрмедік. Атап айтар болсақ,
Қазақстан ардагерлері, «Жеңіс қаһарманы» ҚБ, «Ерекше тәуекелді
солдаттар» куәлігінің иегері болдым.  Облыс әкімінің арнайы «Облысқа
сіңірген еңбегі» белгісінің, Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты»,

«Қазақстан патриоты» медалінің иегері болдым. Еңбегімізді ескеріп жатқаны
үшін де разымын.
-Пандемия қордың жұмысына кері әсерін тигізген жоқ па? 
-Аты жаман індет соғыстың бір түрі сияқты ғой. Лайым, қауіп бұлты
сейіліп, алаңсыз күн кешкенге не жетсін?! Былтыр елімізде жарияланған
төтенше жағдай мен қазір де күшін жоймаған карантиндік шаралар
кәсіпкерлік субъектілеріне экономикалық  тұрғыдан едәуір зардабын
тигізгендігі даусыз. Біздің демеушілеріміз де негізінен кәсіпкерлер. Індет
өршіген сәтте қаншама кәсіпкердің тірлігі тұралады, жұмыс орындары
қысқарды. Соның өзінде қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жергілікті
билікпен келісе отырып, «Вкусная корзинка» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің қолдауымен тұрмысы төмен отбасыларға көмек бердік.
Коронавирус кезінде түзеу мекемелерін де азық-түлікпен қамтамасыз еттік. 
-Осы орайда қоғамдық қордың жұмысына қолдау көрсетіп жүрген
өзге де кәсіпкерлерді атай аласыз ба? 
-Біздің қордың қаржысы -100 пайыз демеушілердің ақшасы. Оны
жоғарыда да айттым. Ал демеушілердің деректері коммерциялық құпия
болып саналады. Дегенмен, сұрап қалған екенсіз, бірқатар серіктестерімізді
атап өтейін. Мысалы, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 
«Амангелдігаз», «ҚазТрансгазАймақ» акционерлік қоғамдары бізге үнемі
қолдау көрсетіп отырады.   «Тұрахмет», «Тараз Құрылыс Дизайн», 
«Альтаис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де аймақтың дамуы
жолында аянып қалған емес. «Ауыл Береке», «Қайқармет», «Бек»
базарларының басшылары да тығыз байланыста. Олардан өзге шағын және
орта кәсіпкерлік субъектілері көптеп саналады. 
Осы орайда әртүрлі себептерге байланысты қиындықтарға тап болған
кезімізде  «Әулиеата-Демеу», «Арыс» қорларының бізге көрсеткен қолдауын
айрықша атап өткім келеді. Біздің илегеніміз бір терінің пұшпағы.
Мақсатымыз да, бағытымыз да, тірлігіміз де ортақ. Осы орайда аталған
қорлар тарапынан қомақты қаражат бөлінді.  Сонымен қатар жобалар
аясында құрылыс жұмыстарын жүргізген «Шымкент Автоматика», «Темір»
жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері,  «Әулиеата» жеке кәсіпкерлігі, тағы
да басқа  көптеген мердігер компанияларға риясыз ризашылығымды
білдіремін. Шағын сұқбатта бәрінің атын атап шығу әсте мүмкін емес шығар.
Ең бастысы,  осындай елжанды азаматтардың арқасында қолға алынған
тірліктердің жемісін халық сезініп отыр. Тағы бір айта кетерлігі,  бүгінде
ешкімнің алдында қордаланған қарызымыз жоқ. Істің көзін тауып, барлық
берешегімізді толығымен өтедік. Мердігер  компаниялармен де атқарылған
жұмыс бойынша түгелдей есеп айырыстық. 

-Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар? 
-Нақты мақсат болмаса нәтижеге қол жеткізу қиын. Сондықтан да алға
қойып отырған жоспарымыз көп. Әрине, оның барлығы да экономикалық
дамуға, демеушілеріміздің әлеуетіне байланысты.  Тараз — Ұлы Жібек
жолының бойында орналасқан көне қала. Кезінде іргелі сауда орталығы
болған шаһар бүгін де тоғыз жолдың торабында жатыр. Аймақтармен
экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік мол. Қаланың 2000
жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жамбыл облысының 80
жылдығы аясында облыс орталығы еңсесін тіктеп, құлпыра түсті. Қазір де
қыруар жұмыс атқарылуда.
Сонымен қатар, дәрігерлерге арнап аллея соқсақ деген арманым бар.
Себебі, былтырдан бері халық ақ халатты абзал жандардың еңбегін көзімен
көрді, жүрегімен түйсінді. Бейбіт күннің батырлары ғой, не дегенмен.
Олардың еңбектері орасан зор. Үкімет соғып жатса да қуанамын. Бірақ,
біздің қорымыздың атынан да сондай естелік жасағым келеді.
Сәтін салса,  жергілікті атқарушы органдардың ірі жобаларыман қол
ұшын созсақ деп отырмыз. Бұл тұрғыда туристік кластерді дамытудың
маңызы зор.  Жақында Халықаралық «Түрксой» ұйымының өкілі, менің
ұстазым Дүйсен Хасеновпен сөйлестім. Ол кісі де көне шаһарды күллі әлемге
кеңінен таныту керектігін айтып отыр. Осы орайда рейтингі жоғары түрік
телеарналарын алып келіп, танымдық дүниелер түсіру туралы ойларымен
бөлісті. Құптарлық дүние бұл. Біз осындай идеяларды қолдауымыз керек.
Есесіне, Тараз қаласының даңқы  тек республика деңгейінде ғана емес,
халықаралық масштабта асқақтайтын болады. Індет те сейілер. Экономика
да  еңсесін тіктер. Өз кезегімізде тарихи Таразды  туристік орталыққа
айналдыру бағытында тынбай еңбек ете беретін боламыз. 
-Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан: Наурызбек САРША

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *